Жас Отан қорғаушылар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына айрықша сый жасады

Жас Отан қорғаушылар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына айрықша сый жасады
Фото: tengrinews.kz

Жас Отан қорғаушылар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай айрықша сый жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің сайтына сілтеме жасап.

16 желтоқсанда еліміз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеді. Осыған орай Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық әскери бөлімдері мен құрамаларында, еліміздің түкпір-түкпірінде мерекелік концерттер, патриоттық жиындар, әскери-сапорттық сайыстар мен отбасылық іс-шаралар өтіп жатыр.

Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы "Жас ұлан" республикалық әскери мектептерінің тәрбиеленушілері барша қазақстандықтарды келе жатқан мерекемен алғашқылардың бірі болып құттықтады. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында жас Отан қорғаушылар мерекелік датаны білдіретін "25" деген санға сап түзеп, өзгеше акция өткізді.

"Мен өз Отаным - Қазақстанды сүйемін", - деп ағынан жарылды ұлан Айбек Жарков. Қазіргі кезде мен «Жас ұлан» мектебінде білім алып жүрмін. Мен ертеңгі күніме сенімдімін. Сондықтан болашағымды жасай отырып, мемлекетке бір пайдамды тигізгім келеді. Біз - болашақ ұрпақ, мемлекетіміздің келешегі діттеген мақсатымызға қол жеткізу үшін барлық күш-жігерімізді саламыз".

Осылайша, Қазақстанның түкпір-түкпірінде білім нәрін сусындап жүрген жасұландықтар барша қазақстандықтарды құттықтап қана қоймай, сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту қарсаңында казнетте бастау алған "#I_LOVE_KZ" флешмоб-акциясын қолдады. Флешмобты танымал қазақстандық жұлдыздар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері де қолдады. Бірнеше мыңдаған адам өздерінің парақшаларында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы аясындағы фотосуреттерді орналастыруда. Қазақстандықтар да өз еліне деген сүйіспеншіліктерін білдіре отырып, желіде шағын мәтіндері мен роликтерін орналастырып жатыр.

Айта кетейік, осыған дейін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай СҚО полицейлері де айрықша авто-флешмоб ұйымдастырған еді. 

Ө. Сансызбай