Күйлердің тарихын білесіз бе?

Күйлердің тарихын білесіз бе?
Фото: photocentra.ru
Есір — XІX ғасырдың екінші жартысында Маңғыстау жерінде өмір сүрген атақты күйші-композитор. Ол 1840 жылы Маңғыстау түбегінде, Жыңғылды деген жерде туып, 1904 жылы сол өңірде дүниеден өтті. Есір Айшуақұлы Маңғыстау күйшілік мектебін қалыптастырушы, көптеген күйшілер оны өздеріне ұстаз тұтқан. Есір күйлерінің көбісі өмірге жақын, нақты бір тарихты баяндайды. Сондай күйлерінің бірі — Сам деген кісінің әйелі Күнтай жеңгесіне арнаған күйдің тарихы былай екен…
Есір өз заманының белгілі азаматы, ел ағасы ретінде жұртқа есімі танылған Сам деген кісімен жақсы аралас-құралас болып, туыстық қарым-қатынас жасап жүреді. Сам өзінің ақыл-парасатымен, терең ойшылдығымен айналадағы адамдарға жақсы әсер етіп, ылғи да жылы шуағын шашып жүретін кісі болса керек. Қазақта «Хан төресі бұзылса да, Сам төресі бұзылмайды» деген аталы сөздің шығу төркіні осы ақылман азаматтың есіміне байланысты екені белгілі
 
Бірде Үстірт өлкесін зерттеп жүрген топограф — жер өлшеуіш ғалымдар мен саяхатшылар реті келіп, Самға жолығады. Бұл кісілердің Маңғыстау жерін қағаз бетіне — картаға түсіріп жүргенін естіп, ел ағасы қол ұшын беруге тырысады. Оларға көлік тауып беріп, қастарына жолбасшы қосып, тіпті азық-түлікпен де қамтамасыз етеді. Қазақ азаматының мұндай ықылас-пейіліне мейлінше риза болған орыстар Самға: «Біз сізге соншалықты разымыз, осы жақсылығыңыздың есебін немен қайтарарымызды білмей отырмыз. Не тілейсіз, не қалайсыз бізден?» — деген екен.

Сонда Сам: «Маған ақша да, мал да керек емес. Егер осы картаға түскендер болашаққа қалатын болса, менің атамекенімнің бір жерінен менің де атым қалатындай етіп қағаздарыңызға түсіріп берсеңіздер екен. Маған сол да жетеді» — деп өтініш жасайды. Сөйтіп, ол кісінің есімі картаға түсіп, Үстірт жазығының шығысында, Каспий теңізінің батыс беткейіндегі жер «Сам құмдары» деп аталып кетеді.

Бір рет жолы түсіп, дәулескер күйші — Есір Айшуақұлы Сам ағасының ауылына қонаққа келеді. Атақты өнерпаз келгесін ауыл ағасы да құрқол қарап қала ма?! Мал сойылып, қазан көтеріледі. Алыс жолдан шаршап келген күйші сәл тыныққаннан кейін, қолына домбырасын алады да, ауылды күй әуеніне бөлейді. Шынайы өнерпаздың өнеріне сүйсінген ауыл жұрты түгел жиналады.

Ымырт үйіріле бастаған кез. Жұрт малын жайғап болып, Сам отағасының үйінің маңына жиналады. Үй сыртындағы ағаш төсектің үстінде отырған Есір күйші шалқар шабытпен бір ерекше сезімге бөленеді. Самның әйелі Күнтай жеңгей осы үйге келгелі күйші қайнысына ерекше ілтипат көрсетеді. Күнтайдың қимылы ширақ. Нан илеп отырған кезде күй әуеніне ілесіп, өзін-өзі жеңе алмай, балқып кеткендей болады. Кешкі оттың жарығы жүзін алаулата шарпып, еңсесін асқақтатып жібергендей көрінсе, құдіретті әуен тұла бойына тылсым күш бергендей.

Осы сәтте Есірдің домбырасынан бұрын құлаққа естілмеген тың әуен өрлей бастайды. Күнтай да бұл дыбысқа одан әрі елітіп, өзіне-өзі ие болудан қалғандай, бөлекше күйге түседі. Басындағы жаулығының орамы жазылып, бетіне түсіп кеткенімен, оған қарайтын әйел жоқ. Айналасына да көңіл аударар емес. Есіл-дертін күй әуеніне билетіп алған ол, бір кезде қолындағы илеп жатқан нанының жерге түсіп кеткенін де аңғармайды. Күй әуенімен үйлескен оның қимылы ерекше әсемдік танытып, ары қарай жалғаса береді.

Осының бәрі күйшінің көзінен тыс қалмайды. Тіпті күйді тарта отырып, бар назары Күнтайға ауды десе де болады. Күй жоғарылаған сайын тыңдап отырғандар үннен қалғандай, мүлдем тым-тырыс күйге түседі. Тіпті үлкендердің өзі де әуенді бұзуға бата алмай, дыбыссыз отырады. Аспанға шарықтап барып, бір кезде күй де үзіледі.

Отырған кісілердің барлығы да есеңгіреп қалғандай, бірден үн қата алмайды. Күй ырғағымен бірге қимылдаған Күнтай жеңеше де бетіне түскен жаулығын ысырып тастап, көзін жоғары көтереді. Өзі әбден терлеп, күймен бірге балқып, балбырап отыр екен. «Мынауың біз бұрын естімеген ерекше әуен ғой. Өзі қалай аталады екен?» деп терін сүрте отырып, жөн сұрайды.

«Естімейтін жөндеріңіз бар, — дейді Есір де бойын тіктеп, бет-аузын сүртіп. — Өйткені бұл күй осы сіздердің алдарыңызда тұңғыш рет орындалып отыр. Қазір ғана шықты. Күнтай жеңеше, сіздің ерекше ілтипатыңыз, маған деген ықыласыңыз, айналаңызға деген пейіліңіз осы күйдің өмірге келуіне себепші болды. Сондықтан да мен бұл күйімді «Күнтай» деп атасам деймін» — депті.

Сол заманнан бері де уақыт желі заулап, талай кезеңдер өтті. Қаншама ұрпақ ауысты. Ал бірақ Есір күйшінің басқа шығармаларымен бірге «Күнтай» күйі де келешек ұрпақтарға рухани мұра болып келе жатыр. Талай алғыр азаматтар, өнерпаз жігіттер өз жеңгелеріне арнап осы «Күнтай» күйін тартып келеді. Қазіргі таңда барлық музыкалық оқу орындарында оқитын оқушылардың репертуарларында осы күй міндетті түрде кездеседі. Күй тарихы алғаш рет Тмат Мерғалиевтың «Домбыра сазы» атты еңбегінде жарияланған.

Бағлан Бәбіжан
akjunis.kz

@. @assel_assanova