Құрманғазы «күй атасы» ма?

Құрманғазы «күй атасы» ма?
Фото: kk.wikipedia.org

Қазақ музыкасы тарихында кеңес идеологиясының ықпалымен қалыптасып, қалың көпшіліктің арасында кеңінен жайылған жалған деректер аз емес. Домбырамызды кемсітіп «екі ішек пен бір-ақ таяқ» дегені, сал-серілерімізді кедей-кепшік, жоқ-жетім деп кемсіткені әлі есімізде. Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген жаладан арылдық. Өзіміздің қадірімізді түсіндік. Дегенмен әлі де дәстүрімізде кеңестік кезеңнен қалған ақтаңдақтар сақтаулы. Бүгінгі таңда барлық деректерді саралап, ақылға салып, басқа да ақпараттармен салыстыра ақиқатты табуға мүмкіндігіміз бар. Сондықтан осы жазбамыз ертеден келе жатқан «Күй атасы – Құрманғазы» деген түсінікке (тұжырымға) арналмақ.

Құрманғазы қалай «күй атасы» атанды?

Кеңес одағы уақытында халықтан шыққан бір адамды тұлғалық қырынан көтермелеп, жан-жақты дәріптеу науқаны жүргізілді. Бұл үшін Құрманғазы Сағырбаев таптырмас күйші болған. Сол кездің ұғымы бойынша Құрманғазы кім еді? Құрекең – патша үкіметінен зорлық көрген, өмірінің біраз уақытын түрмеде өткізген (күйлерінің шығу аңыздары бұл сөзімізге дәлел бола алады) қарадан шыққан «батыр» еді. Өзі кедей отбасында дүниеге келген. Таптырмас тұлға. Хан мен өзге төре ұрпақтарын кемсітіп, оларға қарсы шыққандарды насихаттаған жұмыстар күшейген кез еді. Мысал көп-ақ. Бір Махамбеттің өзі Жәңгір ханға айтты деген сөздерін қалай насихатталғанын еске түсірсеңіз жеткілікті. Сондықтан Құрманғазыға «күй атасы» атағын беру сол уақытта заңдылық болатын.

Құрманғызыдан өзге күйшілер

Әрине, Құрманғазы заманынан озып туған қайталанбас күйші. Қазақ күйшілік өнерін жаңа бір деңгейге көтеріп, жаңаша серпіліс, өзіндік мектебін қалыптастырған өнерпаз еді. Дегенмен ХІХ ғасырда Құрекеңмен пара-пар өзге де екі күйші (кем дегенде) өмір сүрді. Бірі - Тәттімбет, екіншісі - Дәулеткерей. Екеуі де күй атасы атануға лайықты. Бірақ, кеңестің сұрқия саясаты бойынша аты аталған екі күйшінің шыққан тегі «дұрыс емес» болды.  Тәттімбет – бидің баласы, өзі де төрелік айтып, болысты басқарған. Дәулеткерей – төре тұқымы, сұлтан атанған. Сондықтан бұл екеуі де жарамады. Осы ретте Ахмет Жұбановтың қайсарлылығына, тапқырлығына тоқталып кеткен жөн. Өмірнамасы кеңестік саясатпен келмесе де, бірін кедейдің баласы, бірін «қыз балаларға ғана күй арнаған» деп әдейі жазып, өзінің еңбектеріне Тәттімбет пен Дәулеткерей күйшілер жайлы мәліметті қоса алған.

Күй атасы кім?

Өзіміздің ойымыздан ештеңені қосқымыз келмейді. Халық арасындағы сөзге тоқтайық. Ертеден бүгінгі күнге дейін бірнеше түсінік сақталып келді: «Күй бабасы - Байжігіт», «Күй атасы - Кетбұға», «Күй атасы - Қорқыт» деген сөз тіркестерін кездестіреміз. Байжігіт XVIII ғасырда өмір сүрген. Кетбұға XIII ғасыр. Қорқыт заманы тіптен арғы дәуірлерде. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз бар. Ал, тақырыбымызға арқау болып отырған сөз ХХ ғасырдың орта тұсында шыққан сөз екенін ескерте кету керек.

Қорытынды сөз

Құрманғазы Сағырбайұлының өнеріне бас ие отырып, ақ пен қараны, ақиқат пен жалғанды ажыратып алуымыз керек. Озбырлы саясат санамызды улап, өздегенін жүргізіп келген уақыты өтті. Өз тарихымыз өз қолымызда. Амалсыз, еріксіз, «жоқтан бар жақсы» деген оймен жазған Ахмет атамыздың ісін тек ерлік деп қана білеміз. Бірақ, шындық айтылу керек. Бұл бабалар алдындағы аманатымыз.

Біздікі тек ой салу ғана. Қалың көпшілікке арнаған сауалымыз «Құрманғазы «күй атасы» ма?». Тоқтам сөзді өзіңіз айтыңыз, құрметті оқырман!

gonzo.kz

@. @assel_assanova