«Жұлдыз FM» радиосы тың туындының тұсауын кеседі

«Жұлдыз FM» радиосы тың туындының тұсауын кеседі

Қазақ өнеріне тәнті болып, отандық сахнада өнер көрсетіп жүрген кубалық әнші Исаак Реал бірнеше ай бұрын Ақылбек Жеменеймен «Қызыл өрік» әніне дуэт жазған болатын. Өнер иелерінің шығармашылық байланысы мұнымен шектелмепті. Жуырда әншілер «Қызыл өрік» әніне бейнебаян түсірді.

Айта кету керек, талай тойдың «хиты» болған бұл әнге алғаш рет клип түсіріліп отыр. Ертең «Жұлдыз FM» радиосындағы «Таңғы шоу» бағдарламасы кезінде СТВ телеарнасы арқылы тікелей эфирде жаңа бейнебаянның тұсауы кесіледі. Студия қонақтары – Ақылбек Жеменей мен Исаак Реал. Әншілер таңғы сағат 10-нан 11-ге дейін шоу жүргізушілері – Анар Мыңбаева, Эльмира Жоламанова мен Жасұлан Қалидың сұрақтарына жауап беріп, бейнебаянның шығу тарихы жайында әңгімелейді. Сондай-ақ, өзге де шығармашылық жоспарларымен бөліседі. 

«Жұлдыз FM» радиосының бағдарламалар директоры Жасұлан Қали:

Ақылбек мырзаның әндерін бәріміз де сүйіп тыңдаймыз. Нағыз қазақи үні бар, жоғары деңгейдегі әнші. Кубалық Исаак Реалдың да соңғы кездегі беталысын атап өтпеске болмайды. Өзге елде туып, өзге тілде сөйлейтін әншінің ана тілімізде өнер көрсетуін қазақ өнерінің мойындалғаны деп білемін. Жалпы, дуэт те, бейнебаян да сәтті шыққан сияқты. Бұл бейнебаянның алғаш рет «Таңғы шоуда» тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартатынына қуаныштымын. «Жұлдыз FM» радиосы қазақ өнерінің дамуына үлес қосар игі бастамаларға қолдау көрсетуге әрқашан дайын! 

Қонақтарға қояр сұрақтарыңыз болса, Вконтакте парақшасына жазыңыздар немесе 8 (727) 3 888 101 нөмірі арқылы тікелей эфирге хабарласуға болады

Г. Берік