Қазақ жеріне Наурыз келді

Қазақ жеріне Наурыз келді
Фото: pavlodar.gov.kz

Наурыз – қазақ халқының тұрмыс тіршілігінде, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын, ертеден мерекеленіп келе жатқан қасиетті мейрам. Наурыз  парсы сөзі, қазақша «Жаңа күн» деген ұғымды білдіреді. Сондықтан Наурыз күнін ертедегі адамдар жаңа жылдың басы – «Ұлыстың ұлы күні» деп есептеп, зор қуанышпен қарсы алған.

Наурыз – көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша наурыз ай аты емес, тек бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдылықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Қазақстанда кеңес заманында талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы Қазақстанда 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. Оның жаңғыруына көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков көп еңбек сіңірді. 2001 жылы наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланса, ал 2009 жылдан бастап үш күн қатарынан тойланады.

Наурыз мейрамы аясында міндетті түрде атқарылатын рәсімдер баршылық. Мәселен, наурыз көже дайындалады, көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құттықтайды, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады. Наурызды жыл басы деп танығанымен оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі – Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар. Ұлы Абай айтқандай: «...ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен».

Наурыз мейрамы басында диқаншылықпен айналысатын иран тілдес Орта Азия халықтарының күн жаз мезгіліне аусқанда егіс өсіру науқаны басталғанын мерекелеу дәстүрінен шыққан. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан – тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан», т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын.

ҚазАқпарат

Қ. Слямбек