Қазақы ырым-тыйымдар: Жайшылықта мініс атының жал-құйрығы күзелмейді

Қазақы ырым-тыйымдар: Жайшылықта мініс атының жал-құйрығы күзелмейді
Фото: ArtInfo.kz

Халқымыз өте ырымшыл халық. Ырымға сену біздің бүкіл жан-дүниемізге сіңген. Қай ырым, қай тыйым болсын өмір тәжірибесінен алынған. Көп ырым тұрмыс-тіршілікке, наным-сенімге байланысты туып отырған. Ұлтымыздың сондай әр түрлі жағдайға байланысты ырымдарын біле жүріңіз!

1. Қазанды есік жаққа қаратып қисайта аспайды. Ол құласа: «Несібе төгіледі, ырыс далаға қашады. Отқа төгіліп, дән куйеді. Қазан шайқалса, ырыс шамданады» деп ырымдайды.

2. Жайшылықта мініс атының жал-құйрығы күзелмейді. Себебі ат иесі өлсе, оның мініс аты тұлданып, жал-құйрығы күзеледі, қаралы күйге келтіріледі. Сондықтан жайшылықтағы мініс ат сондай күйде көрінбесін дегені.

3. Тізені құшақтамайды. Бұл –«Ұрпақсыз қалдым», «қу тіземнен басқа құшақтар қалмады» деген жаман ырымды білдіреді.

4. Жуған қолды сілкісе, ырыс несібе кетеді дейді.

5. Мықыныңды таянба. Бұл қайғы-қасірет шақырады деген жаман ырымды білдіреді. 

6. Қолды тарақтауға, артқа қусырып жүруге болмайды. Бұл – қолы байланған тұтқынды еске салатын жаман ырым.

7. Шәугімнің шүмегін ошақтың аузына қаратып аспайды. Шай тасыса - үйдегі қыз ащы азап арқалайды деп ырымдалады. «Тұз астың иманы, қыз - үйдің көркі». Дәм-тұз ауыспақ қыздан. Тұз шамданса - қыз шамданады. Дәм-тұз атқан адам өмір бойы оңбайды деп, сол ырымға нанады.

8. Түнде сандықты ашпайды – біреу-міреу өледі ( өте қажет болған жағдайда «жылан кіріп кетті» деп айтып ашады). 

9. Есіктің босағасын керуге, табалдырығында тұруға болмайды – жау шапқанда ғана үй иелері босағаны керіп, табалдырықта тұрған. 

10. Ас ішіп болған соң «тойдым демейді», «қанағат» деген жөн.

Ж. Жұмағұлов