Қазақтың қонақжайлығы

Қазақтың қонақжайлығы
Фото: massaget.kz

Қазақ отбасына тән абзал қасиеттердің бірі — ежелден бері келе жатқан қонақжайлылық. Қонақ болу үшін оның таныс болуы, діндес, теңдес болуы шарт емес. Әрбір жолаушы кез келген қазақ үйінде қонақасыны «бөлінбеген еншім» деп талап етуге еркі болған. Қонақ асыны «бөлінбеген енші» деудің өзі қазақ арасына кең тарап, дәстүрге айналып қалыптасқан халық жоралғысы екенін көрсетеді.

Бұл дәстүрдің шығу тегін аңыз Алашқа апарып тірейді. Алаш қартайған кезінде қолындағы бар малды төртке бөліп, үш бөлікті үш баласына — Ұлы, Орта және Кіші жүзге берген екен. Ал өзінде қалған төртінші бөлікті қонақ сыбағасы болсын деп, үшеуінің ортақ меншігіне қосыпты. Сондықтан аңыз бойынша әр жолаушыға қандай қазақ болсын тегін тамақ, жылы орын тағы басқа қамқорлықтар жасап тұруға міндетті болса керек.

Қазақ «Қырықтың бірі — Қыдыр» дейді. Мұнысы қонақты қума, оның шарапаты тиеді, бірінен болмаса екіншісінен құт келеді деп есептегендіктен. «Қонақты қуа берсең құт қашады» деу де содан. Қонақ болып отырған адам, өзінің жауы болса да үй иесі өз үйінде оған және басқаға да қиянат жасатпайды. «Өз үйіңде таудай дауыңды айтпа» деген қағида да осыдан қалған.
 
Әдетте жолаушы қонағы келіп қалғанда бөтен ауылдың ең тәуір деген ақ үйіне, яғни біреуден қысылмайтын бай үйіне түседі. Сондықтан да «қонақ таңдап қонады» дейді халық. «Түскенше қонақ ұялады, түскен соң үй иесі ұялады» демекші, қонған қонақты күту міндеті үй иесіне түседі. Жаздыгүні қонаққа ең болмағанда марқа сойылса, қыстыгүні соғым етінен тартылған мүшелі табаққа риза болады. Қазақ халқы қонақ күтуді де, қонақ болып қыдыруды да жақсы көрген. Сондықтан халық мәтелі: «Асың барда ел таны — беріп жүріп, атың барда жер таны — желіп жүріп» деп, ер-азаматқа үйінде отыра бермей, ел көр, жер көр, көппен аралас деп кеңес бергендей сыңай білдіреді. Бала жасынан осындай рухта тәрбиеленген жас жеткіншектер ержеткенде сол ғұрыпты берік ұстап, әр уақытта көргенділікпен ел аузына ілігуге тырысатын.
 
Қазақ отбасында балалар жастайынан қонақжайлылыққа тәрбиеленеді. Өйткені халық дәстүрі бойынша қонақасы берілген соң, қонақтан әңгіме сұрайды, өнері болса ән салғызып, күй тартқызады, ертегі, қиссалар айтқызады. Қонақ әңгімесіне балалар әрқашан құмар болады. «Адам болар бала қонаққа үйір» деп халық тегін айтпаған. Өйткені әр қонақтан естіген жаңалықтарын есінде сақтай білген жастың өмірді білуі, түсінуі кеңейіп, дүниеге көзқарасы қалыптасады. Көптеген нақыл сөздерді, пайдалы кеңестерді үйренумен бірге, жаманшылықтан жиренуге ден қояды. Олай болса қонақжайлылықтың тәрбиелік мәні аз емес.
Ж. Жұмағұлов