Қымызмұрындық дегеніміз не?

Қымызмұрындық дегеніміз не?
Фото: massaget.kz

Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Құлын байлап, бие сауылып оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-көлемдер «қымызмұрындыққа» шақырылған. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен беріледі. Ақсақалдар үй иесіне рахмет айтып, батасын береді. Халықтың бұл дәстүрі де қонақжайлықты, жомарттық пен мәрттікті, бірлікті меңзейді

Қымыздың этномәдени дүниетанымда ерекше қатталғаны онымен байланысты тектік және түрлік атаулардың мол болуы.

Құнан қымыз – үш тәулік бойы ашытылады. Ол саумал ішпейтін адамдарға беріледі.

Дөнен қымыз – төрт тәулік бойы ашытылады.

Саумал– баяу ашыған қымыз немесе жаңа сауған биенің сүтін ащы қымызға қосып, пісіп-пісіп жұмсартылған қымыз. Бұл екеуі де көбінесе қарттар мен балаларға беріледі.

Халқымыз бесті қымызды қатты бағалаған. Өйткені ол – бабына келген, әбден ашыған, иісі аңқып кісіні анадайдан тартып, түшкіртіп жіберетін күшті қымыз.

Қымыз ашыту – үлкен өнер. Жаңа сауылған биенің сүтін сүзіп, жылы кезінде күбідегі немесе сабадағы қорға немесе ашытқының үстіне құяды да, бір сағатқа жақын піседі. Қымызды неғұрлым көп піссе, соғұрлым жақсы болады. Мұндағы қор – күбінің немесе сабаның түбінде бұрынғы қымыздан қалған дегенді білдіреді.

Халқымыз жыл маусымына қарай уыз қымыз (мамыр қымызы), жазғы қымыз, күзгі қымыз (сірге қияр)қысқы қымыз (қысырақ қымызы) деп те атаған.

Уыз қымыз (мамыр қымызы) – биенің сүтінен әлі уызы кете қоймаған кезде ашытылған қоймалжыңдау қымыз.

Жазғы қымыз (сары қымыз) – жаз ортасында, яғни шөп әбден пісіп, буыны қатқан кездегі қымыз.

Түнемел қымыз. Мол қордың үстіне биенің сүтін құйып, ашытып, торсықта екі тәулік сақталған қымыз. Кейде торсықтың ішіне піспеген сүр қазыны салып, жылқышылардың қанжығасына байлап жіберетін болған. Бұл түні бойы шайқатылып, әбден бабына келеді. Мұның емдік қасиеті өте күшті, оны халқымыз «тосап» деп атаған.

Сірге қияр қымыз немесе күзгі қымыз – күзде биелерді ағытар кезде ағайын, туған-туысқандарын шақырып берілетін қымыз.

Қымыз ыдыс талғайды. Саба жылқы терісінен жасалуы керек. Күбі, ожауға дейін ағаш болуы қажет. Сонымен бірге, қымыз жерді де, ауа райын да, шөпті де талғайды. Қымыздың жақсы, жаман болуы биенің жеген шөбіне, оны күткен адамға байланысты. Қамыс, ши және мия жеген биенің сүті бұзылады. Оған күреңсе, ақтасын, желкек, қара қорғасын сияқты шөптер беру керек. Сабаны, күбіні үнемі тобылғының, қайыңның түтініне ыстап тұру шарт. Сонда қымыз нағыз бабында болады. 

Ә. Жутаева