Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі

Сүйінбай –  айтыс өнерінің алтын діңгегі
Фото: «Қазақстан Республикасының Ұлттық Музейі»РМҚК, bilim-all.kz

18 қараша күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде айтыс арысы, ақын Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына орай «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» атты іс-шара өтті.

Жиынға әдебиеттанушы, фольклорист, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов, ақын, Мемлекеттік сыйлық иегері Несіпбек Айтұлы, Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық мұражайының директоры Аяужан Сәдуақасова және ЕҰУ-дің оқытушы ғалымдары мен студенттері қатысты.

Жиында Ұлттық мұражай директоры Дархан Мыңбай: «XX ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбыл Жабаев та «Менің пірім Сүйінбай» деп бекерден-бекер жырламағаны белгілі. Сүйінбай өзі өмір сүрген дәуірдің ең жүйрік, аты мәшһүр ақындарының бірі болған. Ол өзі қатарлас қазақ және қырғыз ақындарының біразымен жолыққан. Олардың жырын тыңдаған. Сүйінбай өзінен бұрынғы ақын-абыздардың өлең өрнектерін меңгере жүріп, өзіндік жыршылық мектеп қалыптастырды. Ол өзі тұстастарға және өзінен кейін өмір сүрген ақындарға үлкен рухани тірек бола білді»,– деді.

Шараның мақсаты жер жаннаты Жетісуда дүниеге келген айтыскер-ақын Сүйінбай Аронұлының өмір жолы мен шығармашылығы және ақындық өнерінің жан-жақты қырын ашу. Жалғасын тауып келе жатқан ақындық дәстүрдің қазіргі айтыстағы  өзгешеліктері мен айырмашылықтарының  жігін ажырату.

Ал фолькролист, ғалым Сейіт Қасқабасов: «Сүйінбайдың бойында әрі ақындық, әрі жыраулық, әрі жыршылық қасиеттер топтасқан. Бұл сирек құбылыс. Біз Сүйінбайды не үшін жақсы көреміз? Себебі Сүйінбай халықты бірлікке шақырды, ерлікке үндеді. Сонымен қатар, ол шындықты жырлай білді»,– деді.

Ақын Несіпбек Айтұлы: «Сүйінбай өз заманында жылағанды жұбатқан, халықтың қамқоршысы болған тұлға»,– дей келе Сүйінбай ақын жайында жазған поэмасынан үзінді оқыды.

Сонымен бірге, Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық музейі мен Ұлттық музей бірігіп келушілерге жылжымалы көрме ұсынды.

Көрмеде ХІХ ғасырдағы  ақындар тұтынған заттары негізінде алынған жәдігерлер, ХХ ғасыр жазушылар мен ғалымдар, ақындардың айтыс ақындары туралы еңбектері мен  зерттеулері, арнау жырлары жинақталып ұсынылды.

Жиын соңында жас айтыскерлер Сырым Әуезхан мен Рауан Қайдаров қазіргі заманғы айтыстың үлгісі ретінде сөз жарыстырды.

Г. Берік