Дәстүр сөйлейді. "Алтын қабақ"

Дәстүр сөйлейді. "Алтын қабақ"
Фото: eurasiaiff.kz

Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.

Алтын қабақ.  Ойын, тойда, еңбек мерекелерінде өткізілетін садақ тартқыш мерген жігіттердің сайысы осылай аталған. Бұл – өте қызықты спорттың бір түрі. Мұны жерде тұрып та, ат үстінде шауып келе жатып та орындайды. Белгіленген нысананы ату, жоғары лақтырылған бөрікті атып тигізу немесе сырық басына байланған теңгеге тигізу кез келген жігіттің қолынан келе бермейді. Оған әбден жаттыққан ер, батыр жігіттер сайланып шығады. Бұрын мұндай жігіттер ел ішінде көп кездескен. Мергендігімен аты шыққан жаңаарқалық Рамазан мерген, торғайлық Кейкі мерген, созақтық Салықбай мергендер батырлықтарымен де тарихта қалған. Қарқара даласының атақты мергені Жақыпберді батыр 1929 жылғы көтерілісте аспаннан оқ жаудырған қызылдардың ұшақтарын винтовкамен атып түсіген. Халық өз мергендерін айрықша құрмет тұтқан. Оларды ел азаматы, ел қорғаны, батыр деп бағалаған, есімін елге аңыз етіп таратқан. Мергендер өз әдіс-тәсілдерін жастарға үйретіп отырған.

Сейіт Кенжахметұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан.

Е. Жұмабайұлы