Сырға салар күн туса...

Сырға салар күн туса...
Фото: Нұрлан Алдамжаров

Кез келген арудың өмірінде бой жетіп, ұясынан ұшатын күн туады. Әдетте бұл университет бітіріп, дипломды қолға алғаннан кейін болады. Ал кейде оқу бітіріп, жұмыс жасап, «үйіне еңбегі сіңіп» қана өз отбасын құруды шешеді.

Қазірде «қызды алып қашу» әдеті бірте-бірте бәсеңдеп келеді. Егер қызының үйі тұрмыс құруды қолдамай жатса немесе ұзатуға қажетті қаржысы жоқ болса, қыз бен жігіттің келісуімен алып қашатын жағдайлар күнара болып тұрады. Әрине қыздың еркінен тыс алып қашатын жігіттер де жоқ емес.

Дегенмен, ұзатылып шығуды шешкен қыз үйіне жігітті таныстыру күнін анасымен кеңесе отырып, белгілейді. Болашақ құдалар сый-сыяпатымен, алтын сырғасымен қыздың үйіне келіп, танысады.

«Қызыңызға құда түскелі келдік». Бұл сөз қыз баланың ата-анасының құлағына түрпідей тиеді. Десе де, «қыз жат жұрттық» болғандықтан амалсыз жаңа жолға шығарып салуларына тура келетінін түсіне, жымиып, қол алысады.

Бұл уақытта басқа бөлмеде отырған қыз үшін әрбір минут сағаттай көрінеді. «Қалай өтіп жатыр?», «не айтып жатыр?», «әкем қалай отыр екен?», «қабағын шытып отырған жоқ па екен?» деген сұрақтар айналып келіп, ойдан шығар емес.

Сырға салуға екі жақ арнайы дайындалады. Қыз бала өзіне киер көйлек таңдап, әлек болады. Анасы үйдің тазалығын, жайлылығын, дастарқанын ойлап, уайымдап жүреді. Әкесі кеше ғана мойынына асылып жүрген қара қызының бой жетіп, басқа үйге кеткелі жүргеніне қапаланады. Ал жігіт жағы қызға тағатын сырғаны таңдап, ата-анасына сыйлық іздеумен болады.

Соншалықты ұзаққа созылатын дайындық бірнеше сағаттың ішінде зу етіп өтеді. Өзінің теңін тауып, бақытты болуды аңсаған ару алтын сырғаны құлағынан шешпей, жаңа өмірге психологиялық тұрғыда өзін дайындай жүреді.

Қазірде сырға салуға алтын емес, гауһар секілді асыл тастарды таңдау сәнге айналды. Сондай-ақ сырғамен қоса қызға неке жүзігіндей сақина кигізіледі.

Сырға салу рәсімі қажет пе? Оның өзгерген форматына ризасыз ба?

Ф. Абилова