Дәстүр сөйлейді. "Жолдастық қарыз"

Дәстүр сөйлейді. "Жолдастық қарыз"
Фото: massaget.kz

Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.

«Достыққа достық қарыз іс,
Дұшпаныңа да әділ бол»
(Абай)

Қазақтың қалыпты қағидаларында, жол-жоралғыларында адамгершілік қарыздың жөні мүлде бөлек және ардақты ғұрып. Қарыз жолының да бірнеше түрлері бар. Солардың ішінде ерекше аталатындары – ата алдындағы парыз, ел-жұрт алдындағы парыз және жолдастық парыз. Осындағы соңғы парызға тоқталайық.

Жолдас деп ауыр әрі ұзақ жолда бірге болып, қиын жағдайларда жан аяспай, бір-біріне жәрдем жасап «жарты құртты жарып жеп, бүтін құртты бөліп жеген сапарлас, дәмдес» болған адамдарды айтқан. Ұлттық ұғымымызда осындай кісілердің қай жерде де болмасын бір-біріне деген жолдастық қарызы болады. Оны әркім мүлтіксіз өтеуі керек. Бұл құдай алдында да, адам алдында да бұлжымас парыз. Мұны бұрынғылар берік ұстанған. Күні бүгінге дейін жолы бірге болғандардың «жолдас болдық қой, үйге жүр» деп, дәмге шақыруы осы жолдың куәсі десе де болғандай.

Қостанай облысының Амангелді ауданынан 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталып Жанпейіс Аяпұлы мен Шіменбай Әлшөреұлы Сібірге бірге айдалады. Бірнеше жылдай бірге болғаннан кейін Шіменбайды Сахалинге аударады. 10 жыл жүріп «жазасын» өтеп шыққан Жанпейіс еліне қайтпай «тар жерде бірге болдым, жолдастық қарызым бар» деп айлап жүріп, ауыр азаппен қаһарлы қыстың суығында Сахалиндегі Шіменбайды іздеп табады. Дәл сол күні жылына 2-ақ рет қатынайтын пароход түтінін бұрқыратып кете барады. Сөйтіп Жанпейіс сонда тағы 6 ай күтеді.

Бірнеше жылдан кейін Шіменбай да еліне аман оралады да, өзінің туған қарындасы Ақшолпанды Жанпейіске қосады. Қазір екеуінің де ұрпақтары өніп, өсіп туған жерінде тұрып жатыр.

Мұндай жолдастыққа адал, ерлік, мәрттік жолдан таймайтын азаматтарды өмірден жиі кездестіруге болады. 1930-жылдары айдауда жүрген А.Байтұрсынұлына Ә.Бөкейханов қаражат жіберіп тұрған.  

Осыған сәйкес жазушы Ғ.Құлахмет жазған мына бір аңызды да айта кеткен жөн. «Баяғыда бір байдың жалғыз баласы жылқы қосынан келе жатып, бір ақсақалмен ұшырасыпты. Екеуі жол-жөнекей біраз бейнет көреді. Көлеңкесін  саялаған жапандағы жалғыз бәйтерекке жай түсіп, жасын отына шарпылған жігіт әупіріммен аман қалады. Қия жолда аты сүрініп, ерден ұшып кеткен жігіт тасжарғанның сабағына жармасып, біраз бейнет көріп жоғары шығады. Жолаушы қария ләм-мим демейді.Үшінші рет бұрқ-сарқ етіп тасыған шолақ өзенге тап болып, аты суға кетеді. Жаяу қалған жігіт жолайрыққа жеткенде «үлкен кісіден жөн сұрамағаным ұят болар»,- деп «Ақсақал, ныспыңыз кім?»- дейді ғой.

Жол бойы тіс жармаған жұмбақ серігі «Әзірейілмін» депті. Байғұс жігіт сасқанынан «мен қашан өлемін?» десе керек. Сонда Әзірейіл айтыпты: «Сен үйленген күні. Қалыңдығың жатқан ақ шымылдыққа саусағыңның ұшы тиген сәтте».

Жаны шошынып, азар-безер болған байдың баласы үйленбейді. Әке мен шеше құсаланып, қайғыдан қан жұтады. Он екі мүшесі сау, бозбаланшылықтан құр алақан емес жалғыздың күйігі, қос мұңлықты Қаракерей Соқыр абыздың алдына апарады. Аякөздің ені тар, қысаңқы бір орамын таңдап, екі үй тіктіріп, елсізде Қаракерей Соқыр абыз байдың баласымен екі жағалауда тұрып сөйлеседі. Мән-жайға қаныққан соң, бір ауыз сөз үйретеді.

Отыздан асқан жалғыздың тойына дуан ел жиналады. Жігіт құпиясынан бейхабар жұрт мәре-сәре... отау үйдің табалдырығынан жүрексіне аттаған жас күйеу шаңыраққа қараса, күлдіреу ішінде Әзірейіл отыр.

— Дат!  деп жүрегін тоқтатқан жігіт.

 Айт!  депті Әзірейіл.

— Жолдастық қарызымды бер!

 Енді қырық бес жылдан кейін келемін,  деп, періште ұшып кете барыпты».

Әрине, аңыз. Бірақ жолдастық парыз бен қарыз туралы ғажайып әфсана. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» дейді қазақтың қара өлеңі.

Е. Жұмабайұлы