Дәстүр сөйлейді. «Атбайлар» және «Аушадияр»

Дәстүр сөйлейді. «Атбайлар» және «Аушадияр»

Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.

Атбайлар (салт). Мұның  да екі түрі бар. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «Атбайлар».

«Атбайлардың» екінші түрі  кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.

Аушадияр (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айталатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жай өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сән, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып өмірге әкелген жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек, бұл Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп ұмыт қалған.

Аушадияр үйлену тойы үстінде айтылады:
Аушадияр бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата-анасын сыйлаған.
Ақ шалмалы би болар.

Аушадияр екі дер,
Ержеткеннің еркі дер,
Омырауы толған он түйме,
Қыз баланың көркі дер...

Аушадияр төрт болар,
Қыздың қойны өрт болар.
Екі жақсы қосылса,
Өле-өлгенше серт болар.

Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұнда ақыл, үлгі, өнеге, тәлім-тәрбие туралы толғауды санамалап айтудың халықтық таза бай дәстүрі бар. Ұлтымыздың ұлағатты әдет салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ, мәдени қазынамыз да, өнеріміз де өсе түсер еді.

Ғ. Аманованың «Халықтық педагогика-даналық мектебі» кітабынан алынған

Оқи отырыңыз: 

1. Дәстүр сөйлейді. «Біз шаншар» және «Қыз қашар»

2. Дәстүр сөйлейді. «Шаңырақ көтеру» және «Шаңырақ түйе»

3. Дәстүр сөйлейді. «Тобық тығу» және «Тобық жұту»

4. Сөздер сөйлейді. "Дес беру, дес бермеу"

5. Сөздер сөйлейді. "Қағанағы қарық, сағанағы сарық"

Сурет: static.headline.kz

Е. Жұмабайұлы