Шоқан Уәлихановтың қазақ оқ-дәрісі туралы жазғаны

Шоқан Уәлихановтың қазақ оқ-дәрісі туралы жазғаны
Фото: vlast.kz

Шоқан Уәлиханов – қазақтың тұңғыш ғалымы. Қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрі, тұрмысы мен шаруашылығы жайлы жазып, құнды дерек қалдырған. Солардың бірі – қазақтың оқ дәрісі жайлы жазған мақаласы. Соның қазақша нұсқасын ұсынамыз.

***

Қазақтар жасайтын оқ-дәрінің құрамы көмір мен күкірттен тұрады.

Қазақстан сорды көне жұрттағы мал қиынан немесе "қалмақ" қорғандарының ескі топырағынан алады: көмірді тек тал ағаштарынан, ал күкіртті Ташкент базарынан келіп жатса да, татар саудагерлері әкеліп сататын орыс күкіртін пайдаланады, олардың сапасы жоғары екенін айтады.

"Қалмақ" қорғанында ерте заманда адамдар өмір сүрген деп жорамалдайды, сол себепті қапты топыраққа толтырады да, оның алғашқы құрамында сор бар ма,  соны анықтау үшін жанып жатқан отқа бір шымшым топырақты тастайды, егер топырақ лап еткендей болса, онда сор қасиетінің талапқа сай болғаны.

Топырақты дайындап, қазанды отқа қояды да, қажетті мөлшерде су құяды, үстіне топырақты салып, қайнардың сөзіндей бүлкілдегенше қайнатады. Топырақ қазанның түбінде қалады да, ал судың түсі сап-сары болады. Қайнаған қазанды оттан алып, ішіндегісін тұндырады. Топырақ өзінен өзі судан бөлініп, қазанның түбіне шөгеді; осыдан саң сары түсті сұйықта топырақ қалмасын деп киізден сүзіп өткізеді; содан сң барып киіз сүзгіден өткен суды таза қазанға құяды да, қайта бір қайнатып, таза астаушаға немесе сондай бос ыдысқа қотарады да, үстіне тор көз етіп айқұш-ұйқыш екі буда ши тастайды. Сор шиге жабысып, өзінен-өзі кристалданып, вершоктың ұзындығындай (4,4 см) немесе одан да кіші, ал қалыңдығы қаз қауырсынындай көптеген сүңгілер жасайды. Қалған суды қайтадан қайнатып, қайтадан астауға қотарады, осылай жеті мәрте қайтайды: әр қайталаған сайын, бір тостаған сор алып отырады.

Сорды жеткілікті мөлшерде алған соң, шойын қазанға салып, жұмыр таспен немесе қатты затпен бір тәулік бойы ұдайы езгілейді.

Әбден ұнтақталған сорды дайындап болғаннан кейін, көмірді әзірлеуге кіріседі. Көмірді тек талдан, талдың да оқ-дәріге жарамды ең жұмсағанынан күйдіреді.

Сондай-ақ көмір де сор тәрізді әбден ұнтақталады. Қазақтардың айтуынша, оны үгу үшін шаршап, қалжырағанына қарамай күні бойы жұмыс істейтін бес кісі қажет екен.

Сонан соң өлшеуіш безбенді алып, сорды, көмірді, күкіртті өлшейді. Екі жарым фунт оқ-дәрі алу үшін бір фунт сор, жарты фунт көмір, бір фунт күкірт салады.

Осы қажетті құрамдарды өлшеп болып, бәрін қоса қазанға салып, сол салынған құрам тұтанып кетпес үшін отты маздатып жағады да, оның тұрақты ылғалдылығын сақтап отырып, тәулік бойы ұнтақтайды. Ұнша үгітіліп оқ-дәрінің түсіне енгенше езгілеп, жылқының жалынан немесе құйрығынан бір буда қыл алып, сонымен тарының үлкендігіндей түйіршіктер пайда болғанша езеді, құрамның ылғалды болуы үшін үзбей су сеуіп отырады.

Қажетті мөлшердегі оқ-дәрі түйіршііктерін іріктеп алып, тым ірілеріне су себе отырып қажетті мөлшерге жеткенше қылмен езеді. Қалған жұмсақ ұнтақты жарамды деп санаса, тағы бір аттың қылымен езеді. Ең соңында осынша еңбекпен алынған оқ-дәрінің жұмсақ ұнтақтардан тазарту үшін ашық күндері желге ұшырады. Содан кейін барып қана оқ-дәрі пайдалануға жарамды болады.

Шоқан Уәлихановтың "Тәңір" жинағынан

Қ. Слямбек