Ұлттық жағалы киімдер

Ұлттық жағалы киімдер
Фото: yandex.kz

Кейде өмірде тон мен ішікті, күпі мен тұлыпты айыра алмай жататын кездеріміз көп болады. Бұлардың бәрі жағалы, қыста киюге арналған киімдер болғандықтан, бәрін бір-біріне ұқсататын болармыз. Алайда әр киімнің өз үлгісі мен белгісі бар.

Ішік

Ішік – тон да емес, тұлып та емес, өз алдына бөлек үлгідегі жағалы киім. Ұлтымыз бұрында қысқа қалың, сырт киімді жағалы киім деп таныған. Ішіктің түрі көп: күзен ішік, бұлғын ішік, құндыз ішік, түлкі ішік, қасқыр ішік деп кете береді. Нендей аңның терісінен жасалса, соның атымен аталады. Кілең пұшпақтан тігілетін пұшпақ ішік те болады.

Ішік – терінің түгі ішіне қаратылып, сырты қалың, біртүсті матамен тысталып, жаға салынып, әдемілеп, бойға қонымды етіп тігіледі. Бұл қысқы сәнді де жылы киімнің бірі. Құнды, бағалы киім.

Тон

Тон – көбіне қой терісінен түгі ішіне қаратылып тігілетін жалаңқат киім. Теріні талдың қабығымен, қынамен, басқа да түрлі бояулармен бояйтын болған. Бояусыз ақ тон да болады. Тон – шолақ тон, қима тон, ұзын тон түрінде тігіледі. Қима тон – ұзын да емес, қысқа да емес, ал ұзын тон пұшпаққа дейін түседі.

Тон да – сый киімнің бірі. «Танитын жерде бой сыйлы, танымайтын жерде тон сыйлы» дейтініміз содан.

Тұлып

Тұлып та қой терісінен тігіледі. Жүні қара, қоңыр түсті терілерден тігіледі. Жүні берік, мол, әлі көтерілмеген кезіндегісі алынады. Тұлып жұмысқа, жаяу киіп жүруге емес, шанада киіп отыруға арналғандықтан, мол пішіледі. Жағасы да үлкен, жалпақ болады. Ол бүркеніп алуға қажет.

Тұлыпқа оранып алған адам мүлдем көрінбей қалады. Қандай суық болсын тоңдырмайды.

Күпі

Қазақы қысқа киім. Жабағы жүннен тоқылады. Тұтас жабағы жүннен жөргемделіп, қылшығы ішіне қаратылып, сырты матамен қапталып көктеледі.

Шапан

Шапан деп аталатын мақта, қой жүні, түйе жүні салынып, астарланып, қалың матамен тысталып тігілетін қысқа жағалы киім де бар. Оны қалың шапан деп те атайды. Өйткені жұқа шапан түрлері де бар. 

"Таныс сөздердің бейтаныс сырлары" кітабынан

Қ. Слямбек