Киіз үй тігу де – өнер

Киіз үй тігу де – өнер
Фото: Тәрбие.kz

Ата-бабаларымыздың бір шеге қақпай-ақ сәулетті де еңселі баспанасы киіз үй – қазақтың құнды тарихи жәдігері. Киіз үйден көшпенді өмір-салтын таза сақтаған қазақтар әлі күнге алыстаған емес. Әсіресе, Қытай мен Моңғолияға кеткен қандастарымыздың арасындағы малшы қауым осы бір қарлығаштың ұясындай жылылық пен мейірімге толы баспананы пайдаланып жүр.

Қалалы жерде киіз үй мереке-мейрамдардың, ас пен тойдың көркі. Тамырында қазақтың қаны тулап аққан ұрпақ баба мұрасын әлі ұмытқан жоқ, керісінше шамасы жеткенше ұлықтауға тырысады. Бірақ, көп жағдайда киіз үйді қалай тігуді білмей жатады. Қаладағы мерекелік алаңдар мен мекемелердің алдында тігілген киіз үйлердің қиқы-жиқы болып тұратыны бар.

Негізі, киіз үй тігу де өнердің бір түрі. Киіз үй тігудің қыр-сырын бүге-шігесіне дейін білмесек те, жалпы жөн-жобасына қаныға жүргеніміз артық емес. Киіз үй тігу үшін алдымен тегіс жер таңдалады. Үй тігу науқанына ер-әйел, кәрі-жас демей мүмкіндігі келген адамның бәрі қатыса алады. Ыңғайлы жер табылған соң бірінші кезекте керегелер құрылып, үйдің есігі салынады. Көбіне төрт қанат үйлер қолданылады. (Қанат кереге бөліктерінің санына қарай айтылды) Ал алты қанат, он екі қанат үйлерді бай-бағландар тіккен. Уығын атпен шаншитын сексен-тоқсан бас, тіпті одан да көлемді киіз үйлер болған.

Бұндай үйлер қазір арнаулы ас пен той, салтанатты жиында болмаса, қолданыста жоқ. Кереге құрып алған соң уық шаншымай тұрып, оның сыртынан арқанмен тартып байлайды. Оны басқұр арқан деп те атайды. Ол үй формасының өзгермей, қисаймай, шалқайып кетпей тұруы үшін қажет. Арқанның сыртынан әдемілеп тоқылған жалпақ басқұр тартылады. Кереге әбден құрылған соң қарулы ер адам аша бақанмен (адалбақан) шаңырақты көтереді және шаңырақтың екі жағындағы желбау деп аталатын құр жіптен қоса ұстап тұрады. Ол шаңырақтың екі жаққа теңселіп, құлап кетпеуі үшін қажет. Шаңырақ көтерілген соң басқалары жан-жағынан уық шаншып, уықтың бауымен керегенің басынан байлайды. Оны байлаудың да өз тәртібі, әдісі бар. Қалай болса солай байлай салған уық кейін шешіліп, босап, қисайып қалуы, не қатты жел мен жаңбырда шаңырақтың көзінен шығып кетуі мүмкін. Уықтың ұзын бойын “қары”, үшкір басын “қалам” дейтінін де айта кетейік. Уықтар әбден шаншылып болған соң, уық иінінің үстіңгі жағынан бір-бір шалып, уықты айналдыра керіп байлап шығады. Бұл да уықтың қисайып кетпей берік тұруы үшін жасалатын әдіс.

Келесі кезекте керегелердің сыртынан айналдыра ши ұсталады. Шидің де түр-түрі бар, оны түрлі бояулы жіптермен сәндеп қояды. Ши киіз үйдің жылы әрі сәнді болуы үшін қажет. Ши ұсталып болған соң туырлықтар жабылады. Туырлық уық пен керегені жабатын тұтас келген бірнеше бөлік киіздерден құралады. Оның басқы баулары шаңырақтан асырыла ішке тасталып, уықтардан тартып байланады, ішкі баулары да айқыш-ұйқыш айқастырыла уықтардан байланады. Бау деп отырғанымыз түрлі-түсті жіптерден жалпақтығы негізінен бір келкі етіп тоқылған құрлар. Олар үйдің ішін сәнді көрсетуде пайдасы зор. Туырлықтан кейін киіз үйдің уық орналасқан бойымен бірдей болатын тағы бір туырлық жабылады, оны үзік деп атайды. Ал туырлықтың сыртынан керегені айналдыра екі жерден арқанмен тартып, оны екі босағадан әкеліп байлап тастайды. Міне осы арқандарды белдеу дейді. Үзіктен кейін шаңыраққа арналған түңлік жабылады. Оның жүннен ескен баулары белдеудің төрт жерінен байланады. Одан кейін ағаш есіктің сыртынан жабатын киіз есік жабылады. Киіз есіктің бауын да шаңырақтан асыра тастайды да, үйдің ішкі жағынан әкеліп есіктің маңдайшасынан байлап тастайды. Киіз есік түнде не суық күндері болмаса, көбіне шиыршықтала жиналған күйі маңдайшаның үстінде тұрады, көп жабылмайды.

Шаңырақтың айналасындағы туырлықтың бөлігіне қара қойдың жүнінен басылған киіз пайдаланылады. Оны оюлап қояды. Қарақас дегеніміз осы. Бұл да сәндік үшін. Үй тігіліп болған соң ішіне дүние-мүлік кіргізіледі. Әдетте үйдің бір босағасында ыдыс-аяқ тұрады, одан жоғары үлкен адамдарға арналған төсек-орын. Төр әрине қонақтардыкі. Ал келесі босаға жақта келіннің үкі тағылған қызыл торғын шымылдықты төсегі тұрады. Ер-тоқым, жүген ноқта, секілді ат-абзелдері мен өзге де шаруашылық бұйымдары олардан төмен боса жаққа қойылады. Ал ауа райына байланысты істелетін сақтық шараларын айта кетсек, үйді қатты жел аударып кетпеуі үшін жел соғатын бағыттан қазық қағылады да, киіз үйдің екі жақ сыртын қиғаштап орай тартқан қос арқанды сол қазыққа мықтап байлап тастайды. Бұны «салма» деп атайды. Сонымен бірге жаңбыр көп жауса үйдің айналасына жиналған су ішке кіріп кетуі мүмкін, сол үшін киіз үйді айналдыра жіңішкелеп жер қазылады да, оның аузын еңіс жаққа бұрып қояды. Мор дегеніміз, үйді морлау дегеніміз осы.

akjunis.kz

@. @assel_assanova