Қазақтың зергерлік бұйымдары

Қазақтың зергерлік бұйымдары
Фото: Дамир Кужумов

Қазақ зергерлері негізінен әйелдердің сәндік әшекей заттарын (сырға, білезік, жүзік, сақина, шолпы, алқа, қатырма, шашбау, т.б.), ұсталар батырлардың қару-жарақтарын (айбалта, көксүңгі, алдаспан, дулыға, кісе, қорамсақ, садақ, шоқпар), шеберлер үй іші мүліктерін (кебеже, жүк аяқ, ағаш төсек, асадал, адалбақан, зерлі аяқ), аңшылық жабдықтар (томаға, тұғыр, балдақ, оқшантай), музыка аспаптарын (асатаяқ, қобыз, домбыра, сыбызғы, дауылпаз, сазсырнай) әсем жасай білген. Қазақтың зергерлік заттарында жан-жануарларға байланысты мифтік ұғымдағы өрнек түрлері (қошқар мүйіз, түйе табан, таңдай), көкөніс өрнектер (жапырақша, гүл, сабақша), ұласымды өрнектер (ырғақ, сағақтау, айқас), геометриялық өрнектер кездеседі.

Қазақтың қыз-келіншектерін ажарландыра түсу үшін, оларға арнап алуан түрлі әшекейлі бұйымдар жасаған. Олардың ішіндегі ең көрнекті де қымбаттысы – сәукеле.

Қазақ әйелдерінің ең көп тұтынатын бұйымы – білезік. Ол көбінесе жұмыр, төрт қырлы және ширатпалы болып келеді. Білезіктің ашылып жабылатын түрі де болады. Әйелдерге арналған әсем бұйымның бірі – жүзік. Оның үстіңгі бетіне әр түрлі тастардан не өңді әйнектерден ою-өрнек жүргізіледі.

Жүзікке көбінесе күмістен көз, балдақ, құс тұмсық орнатылады. Соған орай көзді, балдықты, құс тұмсық жүзік деп аталады. Мөр жүзіктер де болады. Әйелдерге және ерлерге арналған сақиналар да соғылады. Күміс сақиналар көбінесе шапқымен шикіліп, бізбен ғана безіледі. Беті көлемді құдағи жүзіктер де істеледі. Әйелдер құдағи жүзігін көбінесе келіндеріне, не қызының біріне мұра ретінде сыйға тартқан. Шебер ұсталар сақина мен жүзікке есімдерді де өрнектеген. 

Қазақ әйелдеріне арналған көркемдік бұйымның тағы бір түрі – сырға. Сырғаны көбінесе бойжеткен қыздар құлаққа тағады. Сондықтан сырғалар әсем де жеңіл жасалады. Сырғаның ай, айшықты, тұмар қозалы, салпыншақты, тас алтын, күмісті, қоңыраулы, күмбезді т.б. түрлері болған.

Қазақ әйелдерінің ең жеңіл бұйымдарының бірі – алқа. Ол бір-бірімен шығыршық арқылы жалғасады және бірнеше төрт бұрыш, үш бұрыш, дөңгелек әшекейлерден көрініп тұратын болғандықтан асыл тастармен өңді әйнектермен безендіріледі.

Қазақтың бойжеткендері шолпы таққан. Шолпының ызған не кестелі бауға тағып, шашпен бірге өріп қойған. Жас әйелдердің көп қолданылған әсем бұйымының бірі – шаш қалта. Оны тана моншақпен безендіріп өрген шашты соған салып қояды.

Әйелдер мен еркектер үшін істеліп, көп тұтынатын заттың бірі – түйме. Шебер зергерлер бойжеткен қыздың немесе батырдың түймесін алтын, күміс, мыс т.б. металды қолданып, әшекейлеп, оюлап жасайды. Дөңгелек, үш бұрыш, төрт бұрыш түймелер істелген. Түйменің сабағы, сағағы жоғын тана деп атайды.

Қазақ зергерлері қыздар мен келіншектердің ісмер, шебер болуы үшін және қолды жарақаттап алмауы үшін оларға арнап әдемі оймақтар жасаған. Оймақ көбінесе күміс пен мыстан өрнектеліп, ине тоқтар жері көп шұқыланып бейнеленген. Оймаққа өте жіңішке күміс бау да тағылған. Оймақ былғарыдан да жасалады. Оны матадан көйлек, камзол т.б. іш киімдер тігуде қолданады.

Қазақ келіншектерінің ең әдемі, ең көп қолданған әшекей заты – түйреуіш. Әсіресе, кербез әйелдер алтындаған, күмістеген және оқшантайлы белбеу буынған. Қазақ әйелдері алтындаған, күмістеген, әрі жіңішке әрі жібекпен шеккен, шығыршықты ілмекті үзбелі белбеу тұтынған. Оның қалай және неден істелгенін, қалай әшекейленгенін, нендей қосымша пайдаланатын құралы барлығын білдіреді.Оның қалай және неден істелгеніне байланысты «шығыршықты белбеу», «мақпал белбеу», «дүрия белбеу» т.б. аттары бар.

kyzdaralemi.kz

@. @assel_assanova