Белбеу - жігіт жан дүниесінің сандығы

Белбеу - жігіт жан дүниесінің сандығы

Белбеу өз иесінің ішкі жан дүниесінің сандығы іспеттес болды. Мата белбеу қорғағыштық қасиетімен қатар, кіндікті жауып тұру үшін қажет болған, өйткені түркі тілдес халықтар кіндікті әлем орталығы, өмір тоғысы ретінде санаған. Адамның анатомиялық ортасының символикалық мәнінің әлемдік ауқымы белбеудің семиотикалық мәртебесін арттырды, бұл беліне белбеу таққан адамдардың қолтықтарынан байланатын құдайсыздардан және аяғынан байланатын жерасты әлеміндегілерден ерекшелейтіні аңыздарда көрініс тапқан.

Ауқатты отбасында қызыл мата белбеудің орнына кейде балаға айылбасты белдік тағылатын. Ерекше жағдайларда, мәселен, баланың кішкентай кезінде мертігуінен қауіптенгендіктен, оның сүндет тойына өскен сайын кеңейе беретін қымбат жиналмалы белдік, ат пен түйе тарту еткен. Ақылымен және зеректігімен көзге түскен 15 жасар ұл балаға би қатарына өтуіне орай тоғыз ірі күміс шытыралы тоғыз әбзел белдік сыйлаған. Мереке күндері бозбалалар осындай сәнді күміс шытыралы жалпақ күміс белдік таққан.

Адамның әлеуметтік-мүліктік мәртебесінің көрсеткіші ретіндегі белдіктің рөлі жоғары болған. Мұның мәні ауқатты ер кісілер міндетті түрде жинақты белдік тағып жүретінінде жатыр. Белдіктегі шытыралардың саны, оның неден жасалғаны, жасалу көркемдігіне қарап, иесіндегі әлеуметтік жағдайын аңғаруға болады. Бір-бірінен асып түсуге тырысқан бай адамдардың белдігі қатты ерекшеленеді. Олардың белдігі күміс, көбінесе алтын шытыралармен сәнделіп, тамаша өрнектермен шебер жасалады. Шытыра жинақтарының көркемдік-техникалық үйлесімділігі арқасында белдіктер зергерлік өнердің баға жетпес туындысына айналады.

Ауқатты ер азаматтар мата белбеу, салпыншақтары мен қару салатын қындары бар жіңішке белдік және күміс шытыралы сәнді жалпақ белдікті қатар тағып та жүрген. Мата белбеу ішкиімнің үстінен байланады, қынды жіңішке белдік қамзолдың сыртынан, салтанатты белдік шапанның сыртынан тағылған. Тұрмысы орташа адамдардың белдігі күміс жалатылған мыс шытыралармен сәнделген. Ол кездің дәстүрлі ұғымында мүліктік мәртебе моральдық-этикалық тәртіп түсінігімен сәйкестендірілген.

Бақуатты адам берекелі, іскер, бір сөзбен айтқанда жақсы адам деп бағаланған. Ел аузында «Белбеулі адам – қадірлі кісі» деген теңеу айтылған. Жігерсіз, болбыр адамды «белбеусіз кісі» деп сипаттаған. Жинақты белдігі жоқ еркекті кедей, демек жалқау, тиянақсыздар қатарына жатқызған. Бұл жерде қарама-қайшы көзқарас ретінде Орта Азия халықтарының белдік туралы деректерінен келтіре кетелік. Зерттеу қорытындыларына сәйкес, билік басындағылар, діни тұлғалар ерекшелік белгі ретінде белдік тақпаған. Ал қалған қызметшілер, қолөнершілер, сарбаздар міндетті түрде бөлек тағып жүрген.

Белдік жинағының құны кейде тұтас дәулетке тең болған. Бұл бұйымды безендіруге қазақ барын салған, өйткені ол ата-бабаның көзі ретінде әулет арасында ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын зат саналған. Онда ата-бабаның рузы өмір сүреді деп, белдікті біреуге сыйламайтын, әйтпесе шаңырақтан құт кетуі мүмкін. Сондықтан да болар, қазақта ерлер қандас жақын бауырластықтың белгісі ретінде өзара белдік алмасқан, бұл дәстүр монғолдарда бар. 

Дереккөзі: Қазақтың зергерлік өнері.-Алматы: "Алматыкітап баспасы", 2011.-384 бет, суретті. 

Қ. Бүйенбай