Ерлер белдігі - 2

Ерлер белдігі - 2
Фото: liveinternet.ru

Жалпақ белдіктердің былғары, барқыт матамен астарланған және күміс шытыралы түрлері болады. Шытыралар сипатына қарай белдіктің күміс белдік деп аталған, ал алтын жалатылған шытыралармен сәнделген белдік – алтын белдік немесе сары ала белдік, түрлі түсті тастармен сәнделгені – шоқ белдік, қарала шытыралы белдік – кавказ белдік, көк тініке (эмаль) жүргізіліп, көгілдір ақық орнатылған оймыш өрнектісі – бұқар белдік деген атқа ие. Жалпақ белдіктер ілмекті ілгек немесе топсамен бекітілген айылбаспен біріктіріледі. Барқытпен астарланған және жалпақтығы төрт елідей металл жапсырмалармен сәнделген салтанатты белдіктер әдетте дегмент, денмент, денбет деп түрліше аталған. Топсамен жалғастырылған жалпақ төртбұрышты шытыралардан тұратын және арасын жиілетіп арпабас немесе басқа өсімдік тектес пішіндегі салпыншақтар орнатылған белдік күміс салпыншақ белдік деп аталған.

Белдіктер ерте заманнан бері қолданылған және бастапқыда қорғаныс қызметін атқарған. Б.з.б. VII-V ғасырлардың өзінде белдіктің қорғаныстық рөлі зор болғанын сақтар дәуіріндегі шытыралар жиынтығынан көруге болады. Белдік түрік жауынгерінің де міндетті жинағы болған және иесінің шеніне де хабар береді. Орта ғасырлардағы көшпенді жауынгердің әлеуметтік мәртебесі мен оның белдігінің материалы, саны, пішіні арасындағы байланыс байқалып тұратын.

Жауынгерлік белдік (кейде оқшантайымен), мерекелік күміс белдік, көшпелі заманнан бері ердің белінен шешілмеген бес қаруы – пышағы мен қамшысы ХІХ ғасырдағы батысқазақстандық құлпытастарда бейнеленген. Қазақтың жыр-дастандарында батырды сипаттағанда «Алтыннан кемер байланып» деп, кейіпкердің алтыннан белдік тағынғаны суреттеледі. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде де мүліктік жағдайы жақсы адамның белдігінің безендірілуінен-ақ ауқаттылығы байқалып тұратын. Белдіктер ер адамдардың арасындағы тарту ету жоралғысы қатарына енді, олар кейде әулеттің мұралық бұйымына айналды.

Өзбектер, Сібірдің түркі тілдес халықтарындағы сияқты қазақтың дәстүрлі тұрмысында да ұл бала он екіге толғанда әкесі немесе басқа жақын туыстары оған қызыл мата белбеу (белбау) сыйлаған. Осы жастан бастап ұл бала ат жарысына қатысқандықтан, белбеу өте қажет болған.

Тувалықтарда бала үш жасынан бастап әкесі даярлаған (айылбасын саудагерден сатып алатынын есептемегенде) былғары белбау таққан. Белбау бір жағынан балалық шақтан шыққанын және жастық санатқа өткенін білдірсе, екіншіден белдік түсі баланы мүшел жаста қорғау қызметін атқарған.

Дереккөзі: Қазақтың зергерлік өнері.-Алматы: "Алматыкітап баспасы", 2011.-384 бет, суретті. 

Қ. Бүйенбай