Ерлер белдігі

Ерлер белдігі
Фото: voxpopuli.kz

Қазақтың және Еуразия даласының басқа да көшпенді халықтары киімінің міндетті элементі белдік болған. Белдікке түрлі қару-сайман, жолға қажетті заттар ілумен қатар, ол атқа отырғанда ыңғайлы әрі қажетті бұйым болды, біріншіден, белдікпен киімді тез және мықтап жауып, қымтауға болады, екіншіден, ол белді қынап, қарын тұсты қатты шайқалудан қорғап тұрады. Сондықтан белдікті көшіп-қонғанда, жауға шапқанда және ат жарысында ерлер де, әйелдер де міндетті түрде таққан. Белдік жинағының мазмұны әрбір ер адамның беделіне, әлеуметтік орнына байланысты, ол практикалық және талғамдық тұрғыдан ғана емес, мән-мағыналық жағынан да сипатталады; белдікте магиялық, әдет-ғұрыптық және басқа да мағыналар жинақталған.

Ерлер белдігі үш топқа бқлінеді: күнделікті, әскери, салтанатты. Күнделікті тағатын белдік жіңішкелеу, сәндік шытыра аз қолданылады, тек күміс жалатылған айылбасы болады. Кейде мұндай белдіктің төменгі жағына жолға қажетті заттар байланатын сақиналар орнатылады. Оны сақиналы белдік деп атайды.

Жауынгерлік белдіктің екі түрі бар: қылыш белдік және кісе белдік. Белдіктің бірінші түріне қылыш, қанжар салатын былғары қын немесе садаққа арналған қорамсақ ілінген. Белдіктің бетіне зерлі өрнек түсіріліп, мыс немесе күміспен қапталған.

Екінші түрі кісе белдік жіңішкелеу келеді, оған түрлі мақсаттарға арналған былғары қалташалар ілінеді. Олар: қын, оттық салатын қалта немесе кісе, оқшантай, құты, қорамсақ (садаққа арналған), кездік салатын – қандауыр. Жартылай дөңгелек, бесбұрыш, тіктөртбұрыш болып келетін кісе белдіктің оң қапталына екі-үш бау немесе шынжырмен ілінеді. Былғары немесе мүйізден жасалатын, алмұрт тәріздес оқшантай оң жаққа немесе сол жаққа бекітіледі.

Жауынгерлік белдіктерде түрлі металл шытыралармен, салпыншақтармен әсемдеу сипаты басым болып, олардың композициялық орналасуына мән берілген. Қалта байырғы түркілер дәуірінен бері үнемі қолданылады, қалған қалташалар XVIII ғасырдың соңына қарай бұл қалташалардың жауынгерлік мақсаты қалып, салтанатты қалыпқа көшкен. Ілінетін бөлшектер белдік жинағына дәстүр бойынша енгізілетін. Былғарыдан жасалатын бұл бөлшектер күрделіленіп, сәнділігі арта түсті. Кісе белдіктің бір кездегі жауынгерлерге тән қызметі аңшылық қызметте ұласқан.

Салтанатты белдіктердің жіңішке және жалпақ түрлері болады. Жіңішке былғарыдан жасалатын (2-4 см) кемер белдік оңнан солға қарай ілмектің көмегімен бекітіледі. Ілмек белдіктің екінші ұшындағы тесіктерге өткізіледі. Алтын жалатылған шытыралар орнатылған мұндай белдіктер тилла кемер, кәмшат кемер деп аталады. Шытыра теріге қайырма шегелермен орнатылады немесе оларға таспа өткізіледі (егер шытыра ілмегімен теріс жағынан құйылып жасалса). Әдетте сәнді металл шытыралардың көлемі белдіктің еніне сәйкес келетіндей жасалады.  

Дереккөзі: Қазақтың зергерлік өнері.-Алматы: "Алматыкітап баспасы", 2011.-384 бет, суретті. 

Қ. Бүйенбай