Құс баптауға қажетті жабдықтар: Шырға

Құс баптауға қажетті жабдықтар: Шырға
Фото: ulttyqsport.kz

Құмай жүгіртіп, құс салу — ата-бабамыздан аманат болып қалған асыл өнер. Аушы құстарды баулитын қазақ құсбегілері оған қажетті жабдықтарды да өздері дайындап алған. Дана бабаларымыз ұрпағына құс баптаудың қыр-сырымен бірге оған қажетті құрал-жабдықтарды жасауды да үйретіп отырған. Осы орайда көзіқарақты оқырмандарымызға құс баптауға қажетті құрал-жабдықтарды жүйелі түрде таныстырып шығуды жөн көрдік.

Шырға  құсты қолға, аңға түсуге баулығанға қолданылатын аңның жасанды бейнесі. Шырға сөзі айла, шырғалау, айласын асырып алдау деген мағына береді. Оның тұлып, кеп, шырға, далбай деген бір-біріне ұқсас түрлері бар. Құстың қанаты, түлкі құйрығы, қоян терісі сияқты кептірген заттарды бұлғақтатып сүйреп, тәжірибесіз жас балапанға алдыратын түрі далбай аталады.

Ал құс пен түлкіқоян тәрізді аңның терілерін бітеу сойып, ішіне шөп, сабан тыққан түрін кеп дейді. Ал кең таралған түрі  ішіне жұмсақ жүн, шөп кептеп, бас бейнесіне түлкінің, қасқырдың, қарсақтың біреуінің құлағын салып, түлкінің құйрығын тағып, түлкіге ұқсатып жасағаны  шырға. Шырғаның тұмсығынан бүлдірге шығарып, оған жіңішке шыжым бау тағып, атпен немесе жаяулап та іркіп тартып сүйретеді, яғни "шырға тартады". Оны көріп қызыққан құс келіп түскенде, құстың аяғына түсірмей жіпті оңды-солды тартып, бұлталақтатып, сілкіп тартып әрекет етеді. Оны ұстауға әдіс іздеген балапан құс аң аулауға машықтанады. Ұстап бас салған кезде құсқа иесі аздап жасырын жем алып, сол шырғаның еті тәрізді етіп, үстінен жұлғызып жегізеді. Осы әдіспен дәндеп дағдыланған бүркіт аң алып жедім деп сезініп, аң аулауға бейімделеді.

Уақыт өте келе тірі құсқа, қоянға, аузы байланған, аяғы шідерленген жыртқышқа түсіріп баулиды. Шырғаның бұл түрі «тірі (шырға)» аталады. Құсты шырғалап қолға түсіру үшін де тірі пайдаланады. Оған кез келген құс, тазқара, тоғысай жеке байланады немесе қоян мен сауысқан жақын бір жерге байланады. Айналасына құрылған торға жоғарыдан шүйліккен құс келіп қолға түседі. Шырғаны шыжым бауға орап ердің қанжығасына байлап алып жүреді. Сондай-ақ адасып, айырылып қалған құсты қайтару үшін де шырға сүйретіп іздейді.

Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің "Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.

Е. Жұмабайұлы