Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Фото: syr-media.kz

Бүгін – жерін найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батыр бабаларымыздың сан ғасыр аттың үстінде жүріп аңсаған тәуелсіздік күні. Биыл баянды тәуелсіздігімізге 29 жыл толды.

Бізге бұл тарихи жеңіс құр келген емес. Бұған халқымыздың ғасырлар бойы тілерсектен су кешіп, қиын қыстау замандарды бастан өткізгені куә. Желтоқсанның жанға батар ызғары мен сүйек сыздатар суығы да – соның дәлелі.

1991 жылдың 16 желтоқсаны – Қазақстанның мәңгі ел атануға жолдама алған күні. Сол күннен бастап елдің жаңа тарихы мен жылнамасы басталды. Осы күні Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заңды қабылдап, ресми ұлттық мерекесін бекітті. Сөйтіп әлем географиясы мен дүниежүзі картасында жаңа мемлекет пайда болды. Оның аты – Қазақстан.

"Тәуелсіздік – тарихтың толқыны, шайқалмай, уақыттың соққысын байқамай өз бетінше тұратын тұғыр ғана емес, оны қолда ұстап тұратын тек шарболаттай шындалған рух, наркескен жаңашыл мінез, арайлы ақ таң үшін күрес" дейді Елбасымыз. Отанды сүй – ошақтан, халқыңды сүю – тағдырыңнан. Осынау бұралаң жолдың бұралқысынан өткен тағдыры жанкешті еліміздің арманы орындалған күніне куә – бүгінгі ұрпақ оны сақтап қалудың да аманатын арқалағанын білгені жөн.

Сондықтан тәуелсіздігімізді нығайту мен күшейту жолында саналы ұрпақтың жұмыла іс бітіргені, рухы бекіп ту көтергені абзал. Мәңгілік еліміздің еңсесін түсірмелік.

Массагет ұжымы да барша қазақстандықтарды тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық, саулық, шаңырағына бақыт пен шаттық тілейді. Тәуелсіздігіміздің мәңгі баянды болғанын, оның жетістігі мен жеңісіне халық болып куә болғанын қалаймыз!

Қ. Слямбек