Халық танымындағы түстердің мәні

Халық танымындағы түстердің мәні
Фото: yandex.kz

Ұлттың мәдени өмірінің көрінісі түр-түс атауларымен ерекше. Онда ұлт менталитеті көрінісі тұтастай қамтылады десек асыра айтпағанымыз болар. 

Табиғат бізге өзінің ерекше әсемдігімен, көркем сәнімен, бояу-нақышымен қымбат. Бастарын қар шалған асқар таулар мен мұнартқан зеңгір шыңдар, арайлап атқан таңдар мен алаурап батқан күндер, толқынды теңіздер мен айдынды шалқар көлдер, жөңки көшкен бұйра бұлттар мен күн сәулесімен көмкерілген кемпірқосақ, жасыл ормандар мен көкорай шалғындар, жеміс-жидек, гүл-бәйшешек – осының бәрі өз өңімен, бір-бірін қайталамайтын неше алуан түр-түсімен, нақыш бояуымен көрікті де көркем, әсерлі де әсем. Көз қуантып, көңілге нұр ұялататын, жан-дүниеңе эстетикалық ләззат сыйлайтын табиғаттың осы бір ғажайыбын, ерекше жаратылысын «Түр-түс атаулары» деп, оны қазақ және ағылшын тілдерінде ұқсастықтарын аудармада салыстыра зерттейтін болсақ, сыры мол, өмір үшін маңызы зор күрделі құбылыс екендігіне көз жеткіземіз.

Әрбір адамда қоршаған ортаны кодтаудың әр тәсілі, әр кезеңге, ретімен, бірте-бірте жүзеге асырылады. Әр түстің халық танымындағы коды, реті болады.

Мәселен, Көк – символикалық жағынан тыныш теңізді, ұстамдылықты, ақшыл көк немесе көгілдір – үлкен сезімді, нәзіктікті, бейбітшілікті білдіреді.

Қазақ ұғымында көк – тыныштық пен бірліктің, берекенің белгісі. Ол аспанмен, тәңірмен қуатталады. Сондықтан ол мықтылықты, жеңімпаздықты, рухы жоғарылықты, үстемдікті, паңдықты білдіреді. Соған сай көк түрік, көк ту, көк  бөрі, көк төбе, көк суыт, көк найза, көк сүңгі,көк болат, көк мылтық, көк қаршыға т.с.с. тіркестер бар. Көктің келесі бір білдіретін мағынасы – романтика, сезім, нәзік үміт, махаббат, жақсылық, жылылық, жан жақындығы, тілек бірлігі: көгілдір сезім, көгілдір теңіз, көгілдір көл, көк көгершін, көк сағым, көк терек, көк аспан, көк бұлт, көк күйме, көк жорға. т.с.с. Көк сумен де байланыстырылады. Салқындықты, қарапайымдылықты, ойлылық, ойсыздықты, зиялылықты, әрі түрлі реңкінде сенімділікті, тұрақтылықты, іскерлікті, ізгілікті, тереңдікті аяқталуды білдіруі мүмкін. Көк есек, көк ми-су ми, көк ет, көк жалқау, көк көйлек, көк айыл, көк бет, көк мылжың, көк долы.

Адам өмірінің анықтаушы факторы күн мен түн, жарық пен түнек. Түн әрекет тоқталуына тылсым тыныштыққа, күн әрекет, өмір қызу тірлікке жағдай жасайды. Осыған орай түстер әуелі екі топқа ажыратылады:

1. Қара, қаракөк (түн);

2. Ақ, ашық сары (күн);

Қара, қаракөк тыныштық, мүлгіген құпиялы, Ақ сары – үміт, белсенділік. Осы түстер адам басқара алмайтын оған әсер ететін факторларды көрсетеді де іштен реттегіш түстер ретінде сипатталады. Түстер де іштей бинарлы жұп құрайды.

Қай халықтың мәдениеті болмасын ежелгі заманнан бері өмір сүріп, ұлыстар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды жалғасы және жаңа заманға сай дамып қалыптасқан түрі болды. Қазақ халқының қалыптасуына байланысты да, қазақ халқына тән материалдық және рухани мәдениеттің сипатты белгілері орнықты.

Қазақ тіл білімінде түр-түс атауларын жаңа қырынан зерттеген ғалым академик Ғ.Қайдаровтың есептеуінше, тілімізде заттық негізге сүйену принципі арқылы жасалған бір буыннан тұратын жүз елудей түр-түс атаулары бар. Бұларға қан қызыл, шиедей қызыл, қырмызы қызыл, алтын сары,  аспан көк, шойын қара, қоңыр қаз /жай. Бұл принцип арқылы тіліміздегі түр-түс атаулары үнемі толығып отырары сөзсіз.

Мәселен, орыс тілінде бұл модель бойынша көптеген түр-түс атаулары жасалынған:  кофейный, молочный, салатный, сиреневый, терракотовый, небесный, горчичный. Қазақ тілінде, керісінше, бұл тәсілмен жасалған түр-түс атауларының саны онша көп емес.

Түр-түстер адамға «жылы», «суық» көрініп әсер ететіндіктен, олар «жылы», «суық» болып бөлінеді. Мысалы, қара, көк, жасыл түстер адамға «суық» әсер етсе, қызыл, қызғылт, сары түстер адамға «жылы» болып көрінеді.

Г.Қ. Қортабаева табиғатта жай көзбен және арнаулы аспаппен көруге болатын 2000-нан 30000 мыңға дейін түр-түс бар деген деректер келтіреді. Табиғатта кездесетін әр алуан түстің барлығы әрқашанда зат пен құбылыстың атауын бере бермейді. Олар кейде мүлдем түске қатысы жоқ мағыналарды білдіре алады. Түр мен түстің тура мағынасынан басқа ауыспалы, қосымша ақпарат беретін символдық мағыналары да болады. Түстердің діни мағыналары да бар, ақты – христиандар, жасылды – мұсылмандар, сарғыш қызылды – буддаға табынушылар қасиет тұтады. Әр халықтың, әр ұлттың жанына жақын, айрықша қастерлейтін өз бояуы,  өз түсі болады.

Түр-түстердің символдық мәні туралы Ғ.Марғұлан: «Көк түс – көкке табынудың, аспанның символы, қызыл – оттың, күннің, ақ – шындықтың, қуаныштың, бақыттың, сары – ақыл-ойдың, қара – жердің, жасыл – көктемнің, жастықтың символы», - деп түсіндіреді. Әрбір халықтың өз дүниетанымында түр-түске қатысты символдық мән қалыптасқан. Мәселен, халқымызда ақ қасиетті түс болып саналады, бар игілікті,  жақсылықты, қуанышты, тазалықты, пәктікті, әділетті білдірсе, қара, керісінше, жамандықты, қайғы-қасіретті, қарапайымдылықты, ниеті бұзықты, қатыгездікті, көңілсіздікті білдіретін түс. Қазақ ұғымында әдемі қыздың жүзі жарқын, ашық, яғни беті ақ, ақшыл болып суреттеледі, ең әдемі мөлдір көздер ол: мөлдіреп тұнған қара және қоңыр көздер. Қазақ тілінде сұлу қызды суреттеуде аласы аз қара көзі, нұрлы үлкен көзі, қой көз, қарақат көз немесе  қарақаттай қап-қара көз,  көзі көмірдей қара, жібектей қара шаш, аққұба жүз, ажары ақшыл қызыл, ақ құбаша бет, аппақ қардай бет, ақшыл сары нұрлы өң, қызылы қызыл, ағы ақ жүз, ақ тамақ, қызыл ерін деген секілді тіркестерде 3 негізгі түс пайдаланылғанын көруге болады.

Халқымыздың танымында ақ, қара, қызыл түстердің беретін басты мағынасы – әдемілік, сұлулық, жастық. Мәселен, бойжеткеннің көзі қара үлкен болса, ондай көзді қарақатпен теңейді. «Қарақат сөзінің сүйкімді, тартымды, жылуы мол мейірімді деген мағыналары әдемі көзді суреттеуде уәжді қолданыс табатынын» М.Б.Абдрахманова өзінің ғылыми жұмысында дәлелдеп көрсетеді. Зерттеуші «көру» концептісін жан-жақты талдау негізінде қара түс келесідей сипатқа ие екендігіне көз жеткізген: 1) сұлу, 2) сүйкімді, 3) тартымды, 4) жылуы бар, мейірімді, 5) ішің жылитындай, 6) бауырыңа басқың келеді, 7) терең, 8) мөлдір, таза, бейкүнә, 9) нәзік.

Дегенмен бұл түстердің кейде әр түрлі мағынада қолданылатыны да белгілі. Ақын-жазушылардың  шығармалары тілінде түр-түс атауларының өте шебер,  орынды, белгілі бір стильдік мақсатты көздеп қолданылатынына көптеп мысал келтіруге болады.  Мәселен, Абай шығармаларында ақ – ақылдылықты, сары – байлықты, ал қызыл – жеңілтектікті білдіреді.

Сондай-ақ күнделікті тілімізде жиі қолданылатын «қара көз» әдемі әйелге қатысты айтылса, жазушылар кейіпкердің ұсқынсыздығын бейнелеуде аққа қарама-қарсы түс – қара түсті  жұмсайды. Мысалы: «Әкем айттырған Жаманбаланың шотбақ қара қызын менсінбей, Мамырбайдың Ақбілегін елден таңдап айттырып едім..» (Ж.Аймауытов. Ақбілек, 150-б.), ал «қара бет» тіркесі әдетте ауыспалы мағынада «ұятсыз» деген мәнде де қолданылады. 

Ал түркі тілдеріндегі түр-түс атауларының мағынасын арнайы зерттеген академик А.Н.Кононов «қара» сын есімінің 20 шақты қосымша, ауыспалы мағыналары бар екенін дәлелдесе, Ә.Т.Қайдаров, З.Ахтамбердиева, Б.Өмірбеков «қара» атауының 23 түрлі ауыспалы мағынасы бар деп көрсетеді.

Түркі халықтары, оның ішінде қазақ халқы үшін «көк» сөзі киелі мәнге ие, сондай-ақ көк түс киелі түс болып саналады. «Көк» сөзі түркі халықтарында парсы тілінен кіргенге дейін «аспан» деген ұғымды білдірген. Қазір тек көтеріңкі пафоста қолданылады. Сондай-ақ көк түс әр түрлі тұрақты тіркестер құрамында  басқа да көптеген мағыналарды білдіреді: жасыл  көк шөп; ауқатты, бай – көк етікті; арық  көк ет; ақылсыз, топас  көк ми; ұрысқақ, ашушаң  көк долы; мылжың  көк езу; қайсар, өжет  көк бөрі; кездейсоқ  көлденең көк атты; еріншек  көк жалқау; піспеген  көк алма.

Түр-түс мағыналар мен символдар жүйесі – дәстүрлі танымда ғалам бейнесінің қабылдануына негіз болатын кодтардың бірі. Түр-түс атаулары  адам санасында өмірлік тәжірибе негізінде бекіген эмоционалды күй мен жағдайлар байланысы, шындық бейнесі, оны әлемді көрудің өзінше ерекше концептері ретінде қараудың мәні осында.

Қ. Слямбек