Киелі Қазақстан: Сакралды географияның сипаты

Киелі Қазақстан: Сакралды географияның сипаты
Фото: kazlenta.kz

Елбасымыз Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласында қоғамдық сананы көтеру мен ұлттық-рухани тамырды ілгерілетуге септігін тигізер алты жобаны ұсынғаны белгілі. Соның төртіншісі – "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын" жасау. Жобаның мақсаты – халықтың ұлттық танымындағы киелі, сакралды ұғымдарының мәнін қалыптастырып, туризм мен рухани жадты байланыстырған мекендерді анықтау. Ұлттық құндылықты киелі географиямен толықтырса, жаңаша ойлаудың, заманауи танымның белгілері қалыптаспақ.

"Рухани жаңғырудың" бұл бағытын толығырақ түсіну үшін сакралды, киелі сөздерінің мән-мағынасын ұғынғанымыз маңызды.

"Сакралды" сөзі латын тілінен шыққан. Еуропа жұрағаты бұрында осынау ұғым-түсінікпен өздері ерекше қастерлеген мистикалық-діни құбылыстарды, өзгеше болмыс пен кейіпті, иррационалды дүниелерді, тылсым өмірге жетелер, ақылмен түсіндіру қиын құбылыстар мен нысандарды бейнелеген. Бұл сөздің бастапқы мағынасы әлі күнге сол күйі сақталып қалған. Сакралды ұғымдар – ұлттың алғашқы ойлау жүйесі, оның әлемді, дүниені тануының бейнесі. Бастапқы практикалық танымының үлгісі.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Әбжановтың айтуынша, қазақтың сакралды әлемге қатысты ұстанымына сәйкес келетін тілдік қоры да қалыптасқан. Солардың ішінде үш сөздің мәні мен миссиясы көзге түседі. Олар – қасиетті, киелі, әулиелі сөздері.

"Киелі" сөзінің мән-мағынасы тереңде. Ұшқан құс пен жүгірген аңның, көк пен жердің, су мен адамның киесі ұрады деп, ерекше қасиет берумен рухани, қоғамдық-саяси, әлеуметтік және экологиялық үйлесімді, ынтымақ пен тұрақтылықты сақтаған. Обал және сауап қос түсінігімен ұрпағын тәрбиелеген көшпенділер салт-дәстүрі біреуге қиянат жасау мен соғысқұмарлықтан адал-тұғын.

Ал "әулие" сөзі қазақ тіліне араб тілінен енген. "Адамдарды дұрыс жолға салушы және түпжаратушының досы" деген мағынаны береді. Сондықтан бұл сөзді діни сакралды географияға қолданға келеді. Мәселен, Ахмет Ясауи, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ақжан Машани, Арыстан баб пен Бекет атаның кесенелері сакралды географияның тоғысында "киелі", "әулиелі" атауымен ұлықтауға лайық келсе, есесіне, қалмақ-қазақ соғысында қаза болған батырлар мен жыраулар, хандар жатқан жерді әулиелі мекен деуге негіз жоқ.

Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласында "Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығаратын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы" дегені ой-түйіні болашақ бүкіл идеологиялық түп-төркінін анықтап бергендей. Яғни, қазақ халқының рухани-мәдени өмірі мен адамзаттық өркениетке қосқан үлесі жетерлік әрі бұл қазақ ұлтының жаһандық бәсекеге төтеп бере алатын халық екенін дәлелдеп берді.

Мақалада сакралды географияның мән-мағынасы қазақтың ұлттық танымына тереңдеп сіңген қос ұғыммен – қасиетті және киелі ұғымдарын қолданумен ашылған.

Тарихшы Х.Әбжановтың айтуынша, тарихи-мәдени нысандарға сакралды мәртебе берерде оның тарихи генезисіне қарап барып топтауға болады. Біріншісі – арғы қазақ салт-дәстүрі мен ритуалы орындары, яғни, ислам діні келгенге дейінгі дәуірге жататын ескерткіштер. Мәселен, әз Наурыз мейрамы – көне, діннен тыс жатқан қоғамдық-шаруашылық мейрам. Исламнан әріректе пайда болған. Наурыз мейрамымен байланысты елде сакралды нысандар да жоқ емес. Мысалы, Наурыз мейрамы қарсаңында Маңғыстаудағы Оқпантауда алау жағу дәстүрі бар.

Шіліктіден табылған Алтын адам қорымы мен Берелде жатқан сақ-патша обаларын, Тарбағатайдағы "Елеке сазын" да осы дәуірге қосуға толық құқымыз бар.

Екіншісі – ислам діні келуімен орныққан нысандар. Қазақстан – діндердің тоғысында орналасқан алып мекен. Өзге өркениеттер мен мәдениеттің ықпалында, әсіресе, Еуропа мен Азияның етене көпірінде орын тепкен байланыстырушы қызметін атқарған. Тәңіршілдік пен исламды бір-бірімен ұштастыра білген, парқы мен нарқын дәл таныған. Алабөтендігі жоқ қос ұғым. Бұл кезеңге қандай ескерткіштен мен географиялық нысандар жататыны барша жұртқа түсінікті болар.

Үшіншісі – ұлы далада болған оқиғаларға қатысты сакралды жерлер. Бұған Нұр-Сұлтан қаласында пайда болған пантеонды, Алматыда жатқан "Кеңсай" қорымын, Алматы мен елордада ашылған Ашаршылық құрбандарының ескерткішін осы қатарға қосуға болады.

Сакралды нысандарды құрылымына қарай тағы екі деңгейге бөлсек, артық емес. Бірінші деңгейге жалпыұлттық сакралды нысандар енеді. Ал екіншісіне жалпыадамзаттық, жаһандық ауқымдағы құндылықтар. Елбасымыз бұл мәселеге қатысты "мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түркістан немесе Алтай – ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар" деп баға берген.

Сакралды мекендерде әлі де "ақтаңдақтар" бар. Соны жойып, киелі мекенге жатар не жатпасын анықтау – дәл осы рухани жаңғырумен қолға алатын ғылыми-экспедициялық процесс. Мәселн, Қызылорда облысындағы Бегім ана мұнарасы, Оңтүстік Қазақстандағы Ақсүмбі ескерткіші, Қостанай облысындағы Мұғалім көлін біреу білсе, біреу білмейді. Кейбірі оны рухани құндылық ретінде мойындамайды да. Бұларға жалпықлттық мән берілмегендіктен, сакралды нысан көпшілікке таныс емес.

Сондай-ақ Қызылорда өңірінде жатқан Оқшы ата кешені, Асан ата, Қыш ата, Ғайып ата сынды нысандар бар. Бала би мен Досбол датқаның да сүйегі осы жерде. Бұларды мәдени-рухани кешенге айналдырып, елге таныту кезек күттірмейтін шаруа.

Сакралды география – ұлттық құбылыс. Сакралды мекендердің атауын төл тарихымызбен байланыстыра отырып қоғамдық санаға сіңдіру қазақстан азаматының бойында патриотизмнің қалыптасуына негіз болмақ, содан елі мен жері, тіліне, мемлекетіне деген құрметі артады.

Қ. Слямбек