"100 жаңа оқулық" жобасы аясында 2020 жылға дейін тағы 30 кітап аударылады

"100 жаңа оқулық" жобасы аясында 2020 жылға дейін тағы 30 кітап аударылады
Фото: bnews.kz

2019 жылдың қорытындысы бойынша, "100 жаңа оқулық" жобасы аясында тағы 30 кітап қазақ тіліне аударылады. Осылайша әлемдік жоғары оқу орындарының бағдарламасында қолданылатын үздік оқулықтардың қазақша баспасы толыға түспек.

"Рухани жаңғыру" көп кешенді жобасының негізгі бөлімі саналатын "100 жаңа оқулық" жобасы негізінде 100 кітап таңдалып, қазірге дейін 48-і аударылып, оқу орындары мен кітапханаларға таратылып жатыр. Енді жыл соңына дейін тағы 30 кітап өңделіп, оқырманға жол тартпақ. Ал қалған 22 кітап келесі 2020 жылы толық аударылып, жобаның негізгі мақсаты орындалмақ. Қазіргі уақытқа дейін аударылған кітаптар 10 мың данамен басылып, Қазақстандағы 130 оқу орнына тегін берілген. Келесі жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш арта түспек.

"Ұлттық аударма бюросы" ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы айтуынша, "100 жаңа оқулық" жобасы кешенді түрде жүзеге асып жатыр.

– Барлығын бірге қосқанда аудармашы, ғылыми, әдеби редактор, баспагер, дизайнерлермен 300-дей адам жұмыс істеп жатыр. Мұның сыртында әр оқулықтың мазмұнының негізінде видео лекциялар жасалып жатыр. Соның негізінде Қазақстанның ашық университеті деген жоба іске қосылып жатыр, – дейді Рауан Кенжеханұлы.

Жоба барысында шығарылған және шығарылатын барлық оқулықтың электронды нұсқасы ашық университет сайтына жүктелген. Сонымен бірге, Ұлттық аударма бюросы жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап қазақ және орыс тілдеріндегі видеолекциялар курсын дайындап жатыр. Оның барлығы интернетте қолжетімді болады.

Биыл оқырманға ұсынылатын оқулықтар арасында Малкольм Шоудың «Халықаралық құқық» еңбегі де бар. 1000 беттен асып жығылатын ІІ томдық оқулық қазақстандық университеттердің игілігіне айналды. Еңбектің ғылыми редакторы Марат Сәрсембаевтың айтуынша, кітапта британ, америкалық және өзге де соттардың даулы мәселелерге қатысты шешімдері кеңінен талданып, сарапталған. Яғни заң саласындағы еңбектерге тән теориядан гөрі практикалық қыры басым.

"Бұл – заң факультеттерінде білім алатын студенттерге таптырмас оқулық. Малкольм Шоудың халықаралық құқыққа арналған кітабы әділет, әділдікпен тікелей байланысты. Сондықтан осы оқулық 100 кітаптің қатарына енген. Студенттерге, магистранттар мен докторанттарға арналған. Көбіне халықаралық құқық факультеті, заң факультеттерінде бұл күрделі пән саналады. Осындай үздік кітаптар ел студенттеріне дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік бермек", - дейді Марат Сәрсембаев.

Massaget