100 жаңа оқулық: Антика философиясының маңызы

100 жаңа оқулық: Антика философиясының маңызы
Фото: massaget.kz


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында: "Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің міндеті", - деп қазақ тіліне 100 оқулықтың тәржімалануына нақты тапсырмалар берген еді.  

Осыдан соң  Ұлттық аударма бюросы құрылып, білікті мамандар жұмысқа жұмылдырылды. 102 кітап таңдап алынды.  Осы уақыт аралығында қазақ тіліндегі жаңа 48 еңбек оқырмандарға жол тартты. Соның бірі философия бағыты бойынша Энтони Кеннидің философия тарихына негізделген, 4 бөлімнен тұратын "Батыс философиясының тарихы" шығармасы қазақ тіліне аударылды.

Біз бүгін соның бірінші бөлімі – "Антика философиясына" тоқталмақпыз. Аталған кітапты  Н.Т.Базарбай, А.С.Аяпбекова, А.А.Рыскиева сынды азаматтар мен азаматшалар аударды. Оқулықтың жауапты редакторлары – философия ғылымдарының кандидаты Ә. Құранбек және белгілі публицист, журналист Сәкен Сыбанбай.

Сэр Энтони Кеннидің бұл кітабындағы әңгіме өзегі Пифагор мен Фалестен басталып, философия алауын христиан ғасырына табыстаған қасиетті Аугустинмен аяқталады. Тарихи баянның тақырыптық арқауы философияда туындаған сауалдарды келесі екі мыңжылдыққа мұра етіп кеткен жөне әр кезеңдегідей дәл бүгін де ықпалы бәсеңсімеген екі үлкен тұлға – Платон мен Аристотельге негізделген. 

Жалпы антикалық философия алғашқы қауымдық құрылыстың орнына құл иеленушілік құрылыс келген дәуірде өмірге келген ғылым. Ежелгі философтар табиғатты, сыртқы дүниені тануға, түсіндіруге ұмтылды. Сондықтан оларды "физиктер" деп атаған. Олар "әлем қарай жаратылды?", "бірінші не пайда болды?" деген сынды сұрақтар төңірегінде ізденіп, өз жауаптарын, пікірлерін алға тартқан. 

Антикалық философия даму кезеңнің 3 сатысынан өткен. Олар: "Сократқа дейінгі кезеңдік философия (б.д.д. 7-6 ғ.ғ.). Классикалық кезең (б.д.д. 4ғ.). Платон мен Аристотель философиялық еңбектерімен ерекшеленеді. Римдік-эллиндік кезең (б.д.д 3ғ. соңы мен б.д. 3ғ. басы)" деп аталды.

Қазақ тіліне аударылған "Антика философиясының" маңызы туралы белгілі мамандардың пікірін сұрап білген едік:

Сәкен Сыбанбай. ©kazpravda.kz

Сәкен Сыбанбай: "Энтони Кенни шығармасының ерекшелігі"

"Энтони Кенни Британия академиясының президенті болған. Философия туралы бұрын да жазылды. Бертран Расселдің "Батыс философиясының тарихы" атты кітабы бар. Философия тарихы жөнінде негізі әлемге ең көп таралған кітап сол. Көп адам философия туралы сөз қозғағанда, Расселдің кітабына сілтеме жасайды. Кеннидің кітабы Расселден кейін жазылған. Әрине философия туралы жазарда Бертранды зерттеп қараған. Кеннидің артықшылығы бұл кітабында философия тарихын басқа авторлардан да тереңірек зерттеуге тырысқан. Антика философиясында бізге белгілі философтар – Платон, Сократ, Аристотельдерден бөлек ешқандай еңбегі қалмаған шығармалары ауызша жеткен Эмпедокл, Гераклит сынды қарапайым адамдарға белгісіз, тек философия тарихын зерттеп жүрген ғалымдарға ғана мәлім философтарды да жүйелеп шыққан. Бұл автордың ерекшелігі және табысы. Белгісіз философтарға бір бет, жарты бет арнаса да олардың өмірбаянына тоқталып, толық қамтуға тырысқан. Сондықтан Кенииді Расселдің еңбегін одан ары дамытушы, толықтырушы деп бағалауға болады. Жалпы, 100 кітап жобасы бойынша "Антика философиясы", одан кейін "Орта ғасыр философиясы", үшінші томы "Қазіргі заманғы философияның бастауы" және төртінші "Қазіргі заман философиясы" деп аталатын шығармалар аударылды. Кениидің кітабы осы 4 томнан тұрады. "Антика дәуірі" мен "Орта ғасыр" ертерек шықты, кейінгі екі кітап та таралып жатыр". 

Дидар Амантай, жазушы: "Философия бастауы"

"Тіл, бастапқы күйінде жыр деп, жазды Мартин Хайдеггер. Ойдың да формасы – метафора. Түсініктің алдында жүреді, бірақ көрсетілген мағынадан терең, аңғарта кеткен мазмұн көлемінен үлкен. 

Метафорадан категория қалыптасады. Ол қатаң тәртіпке бағынады, еркін ойлы емес, шектеулі. Сөз бен мән бір-біріне сәйкес. 

Көне Грекия-Рұм өркениеті метафорадан туды. Он бесінші ғасырда италиялық гуманистер адамзат тарихын Жаңа дәуір, Орта кезең, Антикалық заманға жіктеп, үш бөліктен тұратын жүйе қалыптастырады. Қазір, әрине, бұл көзқарас өзгерді, жаңа этаптар енгізілді. 

Жалпы, антикалық дәуірдің өзі де үш кезеңге бөлінеді: ерте, классикалық және кейінгі. 

Философиясы, өнер-мәдениеті, шаруашылығы қатар өрбіген Көне Грекия-Рұм өркениеті адамзат тарихында өшпес із қалдырды, тіпті, бүгінгі АҚШ-Еуропа одағы қоғамына, қала берді, мемлекет үлгілеріне, ғылыми-техникалық табыстарына антикалық әлемнің жалғасы ретінде қарайды, ал еуропалықтар өздерін асыл ойлардың мұрагерлері санайды. 

Грекия алғашқы философиялық мектептерінен бастап әлем құрылымын, бар дүниені құрайтын ілкі заттарды, өмір мағынасы мен өлім жұмбағын зерттей бастады. Бұл аса маңызды тақырыптарды көне грек данышпандары ұрпақтан ұрпаққа мұраға қалдырып отырды.

Титандар болжаған көптеген болжамдар кейін расқа шықты. Философияның іргелі мәселелерін, өзекті тақырыптарын жан-жақты қарастыра білген асқан парасат иелері күн тәртібіне адам мәселесін шығара білді. Адамды бірінші орынға қойды. 

Алыптар дәуірі ұлы гуманистердің сахнадан кетіп, еркін ойға ноқта салған шіркеудің шексіз үстемдігі орнауымен аяқталды. Еуропа мың жылға ұйқыға кетті. 

Антикалық философия бізді еркін ойға баулиды, адамды сүюге үйретеді, ғылымды тануға шақырады. Ол – ойшылдықтың жарқын үлгісі, өнегелі жолы, нәсілдің қол жеткізген асыл қазынасы. Өркениет іргетасының бірі. 

Олар өз заманының бір-бір Абайы болды. Абайдан соң да, қазақ санасын жетпіс жыл біржақты көзқарас билеп-төстеді. 

Таяуда шетел ғалымы Энтони Кеннидің антикалық философия туралы еңбегі қазақ тілінде жарық көрді. Бұл – қазақ ойының телегей теңіздей әлеммен қосылған бетбұрыс кезеңінің бірі. Шет тілдерінен тәржімеленген іргелі еңбектер қазақша ізденістерімізге жақсы серік, адал көмекші болары сөзсіз. 

Тілі жатық. Ғылыми тәржіме – сәтті. Аудармашы көзі ашық, көкірегі ояу алаш жұртына қалтқысыз қызмет жасаған, мұратымыз – ғасыл. Тақырып келешекте жалғасын табарына кәміл сенгіміз келеді". 

Айта кетейік, осы уақытқа дейін 100 кітап жобасы аясында  философия, әлеуметтану, психология, дипломатия, дінтану, лингвистика, семиотика, педагогика, интернет психологиясы, мәдениеттану, антропология, журналистика, экономика, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік, халықаралық құқық салалары бойынша ЖОО студенттеріне арналған 48 оқулық аударылған.

Т. Раушанұлы