"Киелі Қазақстан" көпкүндік экспедициясы басталды

"Киелі Қазақстан" көпкүндік экспедициясы басталды
Фото: Yernar Almabek

Қазақ халқы атам заманнан аттың жалында ер жеткен. Ат құлағында ойнайтын баланы «батыр», «шабандоз» деп деп мақтауын асыратын. Елбасы "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында: "Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дəуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен əскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты", – деген еді. Атқа міну мәдениеті қазақ жерінде әлі де сақталған.

Осындай байлығымызды қонақтарға көрсету арқылы туризмді дамытуға болады. Бір жағынан Елбасының "Рухани жаңғыру" мақаласын жастар арасында тәрбиелік мақсатта сипаттауға да өз үлесін қосады.

Осыған орай 21 маусым күні елордамыз жанындағы "BalQaragai" демалыс оратлығынан "Киелі Қазақстан" көпкүндік экспедициясы өз жұмысын бастайды. Оның құрамында 30-ға жуық қатысушы бар. Экпедиция мүшелерінің 11-і атпен жүреді. Салт аттылар күніне 60 шақырым жүрмекші. Ол үшін қазақ аттары таңдап алынған. "Неге қазақ аттары таңдап алынды десеңіздер, басқа аттар мұндай ұзақ жүріске шыдамайды", – дейді ұйымдастырушылар.

©24.kz

"Kazakh Tourism" ҰК" АҚ төрағасының орынбасары Сәдуақасов Қайрат Алматыдағы Шарын шатқалы, Көлсай туристтер көп баратын мекен екенін, сол сияқты павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстарында да туристтер сұранысына ие маршруттарды жасау керек екенін айтты.

"Экспедициясының мақсаты – атты туризмді дамытуда жаңа туристік бағыттарды жасау және туған жерімізді зерттеу. Оған қоса, экспедиция туралы материалдар Қазақстанның туристік дестинация ретінде танылуына және халықты ішкі туризмге тартуға ықпал ету. Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар, сапалы фото-және видеобанктер құрылады. Олардың қазіргі жағдайы туралы өзекті ақпарат алынады, иллюстрацияланған жолнұсқа жасалатын болады", – дейді "QazaqGeography"» РҚБ ғылыми және экспедиция қызметі бойынша департаменті директоры Нұржан Алғашов.

Экспедицияның бағдары: Нұр-Сұлтан қаласы – Приречное ауылы – Қарағайлы археологиялық кешені – Соколиные горы (Бұйратау ҰТП) – Балықты ауылы – Алғабас ауылы – Белодымовский кордон, Қараағаш (Бұйратау ҰТП) – Әлкей Марғұлан аауылы – Қарабұлақ ауылы – Теңдік ауылы – Семізбұға ауылы – Шалқар ауылы –Бұхар Жырау кесенесі – Жаңатілек ауылы – Егіндібұлақ ауылы – Баянауыл – Жасыбай көлі (Баянауыл ҰТП) – Нұр-Сұлтан қаласы. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзін ұлықтау рәсімінде Рухани жаңғыру құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым мен білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет", – деген еді. Ендеше бұл бастама жастар тәрбиесіне де сондай-ақ, рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыратын тағы да бір игі бастама.

Экспедиция мүшелері 29 маусым күні Баянауыл ұлттық паркінің аумағындағы Жасыбай көлінде өз жұмысын аяқтайды. Аталған экспидиция толықтай медициналық, техникалық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Аталған экспедицияны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің бастамасымен "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы ұйымдастырса, "QazaqGeography" республикалық қоғамдық бірлестігі оны өткізуді қолға алған.

Т. Раушанұлы