Сания Дуркеева – қазақстандық виолончелистердің жаңа өкілі

Сания Дуркеева – қазақстандық виолончелистердің жаңа өкілі
Фото: Жеке мұрағат

Сания Дуркеева – жас қазақстандық виолончелист. Қазақстан, Ресей, Швейцариядағы ілгері музыкалық оқу орындарында тәлім алған ол, елге келіп, атақты виолончелист Орфео Мандоццимен бірлесіп "Мамыр кеші" атты концерт қойды. 

Сания Дуркеева және Орфео Мандоцци

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өткен бірінші концерт Нұр-Сұлтан қаласында 25 мамыр күні Абзал Мухитдинов жетекшілігіндегі Астана Опера оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Кейін 28 мамырда дирижер Ерболат Ахмедьяров жетекшілігіндегі Алматы қаласының қазақ симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетті. Кәсіби музыкант атану үшін қанша жыл еңбек ету керек? Қазақ виолончелисінің мақсаты қандай? Осы және өзге сұрақтарға Сания Дуркеева жауап берді.

Сания сегіз жасынан бастап музыкамен айналыса бастаған

"Ата-анам А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектеп-интернатына берді. Әкем домбырада ойнап, сабақ беретіндіктен мені де домбыра сыныбына бергілері келген екен. Бірақ емтиханнан кейін мені виолончельге ауыстыратынын білдім. Комиссия менің физикалық, музыкалық қабілетіме қарап, виолончельге барғаным дұрыс деп шешкен екен. Осылайша виолончель сыныбына тап болдым.

Біздің әпкеміз виолончельде ойнайды, сондықтан мен үшін бұл аспап таңсық болмады. Мектепте әпкемді оқытқан Людмила Хазиахметованың сыныбына бардым. Біз ол кісінің мықты, қатал педагог екенін білетінбіз. Алғашқы уақытта оңай болмады. Мен үйдің қызы болған соң, интернатта тұрып, күні бойы мектепте жүру қиын болды. Бірақ оқу үрдісіне бірден үйреніп кеттім. Оқу менің бар уақытымды алатын, әсіресе виолончельде ұзақ дайындалатынмын".

Көбі түстен кейін жалпы пәндердің үй жұмысын жасауға бара жатқанда мен виолончельде ойнайтынмын

Таңғы жетіден кешкі онға дейінгі әр сағатымыз жоспарланып тұратын. Әркім сабаққа өзінше дайындалды. Көбі түстен кейін жалпы пәндердің үй жұмысын жасауға бара жатқанда мен виолончельде ойнайтынмын. Ол кезде кабинеттер аз болатын, сондықтан амалсыз дәлізде дайындалуға мәжбүр болдық. Мұндайда қасыңда ешкім болмаса жақсы, себебі кейде 4-5 адам қатарласып қалатын.

Оқу кезінде өзімді жақсы жағынан көрсетіп, еңбекқор болуға тырыстым. Хазиахметова ұстаз өте талапшыл педагог болды, анда-санда ғана мақтайтын, бірақ егер мақтаса, демек сен өте айрықша бірдеңе істегенің. Өкінішке орай алтыншы сыныпта ұстазымыз дүние салды.

Кейін профессор Жамбыл Баспаев шақырумен К.Байсейітов атындағы мектепке ауысып, онда үш жыл оқыдым. Профессордың оқушысы мен студенті көп болғандықтан сабақтар түнге дейін болатын. Тағдыр жазуымен Жамбыл Күзембайұлы да өмірден өтті.

Өнерімді одан әрі шыңдау үшін Мәскеу қаласында білім алғым келді. П.И. Чайковский атындағы мектеп пен консерваторияға түсіп, профессор Игорь Гаврыштың сыныбында тәлім алдым. Біраз қиналдым. Алғашқы екі жылда мен ол кісіні түсінбей, тіпті жылап алатын кездерім болған. Себебі талап өте жоғары. Бірақ мен зейінді оқушы бола білдім. Профессор қатал болғанымен бір әзілдесе, екпініміз күшейіп, еркін көсіле кететінбіз. Ол мені тек жақсы музыкант ретінде ғана емес, әртістік қабілетімді де аша білді. Профессор техникалық икем мен сахна қозғалысына бірдей мән беретін.

Менің қазіргі кәсіби білігімде әр ұстазымның тәлімі жатыр

П.И. Чайковский атындағы мектеп пен консерваторияны, Мәскеудегі ассистентура-тағылымдаманы аяқтаған соң, өнерімді еуропалық деңгейде шыңдау үшін швейцариялық Цюрих өнер университетіне түстім. Жаңа оқу орнында атақты профессор, концертте бірге өнер көрсеткен Орфео Мандоцциден тәлім алып жатырмын.

Осы күнге дейін менің ең үлкен төрт ұстазым болған екен. Менің қазіргі кәсіби білігімде әрқайсысының тәлімі жатыр. Ұстаздарыма алғысым шексіз.

Сания қазір Цюрих өнер университетінде оқуын аяқтап жатыр. Болашақ жоспары қандай?

Жоспарым көп. Солардың бірімен бөлісейін. Менің қазіргі ұстазым Орфео Мандоцци қазақтың екі күйін виолончельге өңдеп, икемдегелі жатыр. Нәтижесін отанымда ғана емес, шетелдік үлкен сахналарда көрсеткім келеді.

Виолончелист Санияның ең басты арманы қандай?

Сания өз елінде тұрақтылық болғанын, мәңгі бейбіт өмір, жақындарының аман-сау болғанын қалайды. Ал қалғанының бәрі өз ретімен орындалатынына сенемін.

Massaget.kz