Жетісу өңірінің жеті мекені

Жетісу өңірінің жеті мекені
Фото: myfoto.kz, voxpopuli.kz

Төрт мезгілдің төресі көктем мезгілі жақын қалды. Күн жылынып, табиғат жаңарған шақта адам ағзасы таза ауадағы демалысты қалайды. Еңбек демалысын я кезекті саяхатты шетелдерде өткізуді қалтасы көтермейтін жандар алысқа бармай-ақ, демалыс күндерін Алматы қаласы мен облысының ең көрікті мекендерінде өткізе алады. Назараларыңызға жер жәннаты Жетісу өңірінің жеті мекенін ұсынамыз.

Тұйық су шатқалы


Шымбұлақ тау шаңғы шипажайынан биік, теңіз деңгейінен 2650 метр биіктікте орналасқан. Жаны жаяу жүруді жақсы көретін жандар таудағы мұздыққа көтеріліп, күнге қарай ұмтылса болады. Тұйық суда жайлы қонақүйлер мен демалыс үйлері бар.

Үлкен Алматы көлі

Теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан. Алматы қаласынан көлікпен 1,5 сағатта, жаяу 3 сағатта жетуге болады. Бұл жақта ғашық жандар көп шоғырланатын космостанция бар. Ғашық жандар обсерваторияда қонып, айлы түнде жұлдыз санап, таң атқызады.

Ипподром

Алматы қаласында бірнеше ипподром бар. Ипподром қызметкерлері атқа салт мініп жүруден дәріс бере алады. Сондай-ақ, бұл жақта ат жарыстарын бақылауға болады. Аттарды жалға алып, демалысты жайлы әрі пайдалы етіп өткізуге болады.

Іле өзені

Жер жәннаты Жетісу өңірінің ең әдемі мекендерінің бірі - Іле өзенінің жағалауы. Аспан астындағы  көне мұражай болып саналатын Тамғалы Тас шатқалында балық аулап, қайықпен жүзіп, таза ауамен тыныстай аласыз. «Көшпенділер», «Мың бала» сияқты тарихи фильмдердің түсірілім жұмыстары Іле жағалауында өткен. Кинода пайдаланған макеттер әлі күнге дейін сақтаулы.

Шарын шатқалы

Алматы қаласынан 4 сағатта жетуге болатын шатқалдың табиғаты кім-кімді болса да, өзіне баурап алады. Кейбір деректерге сүйенсек, мұндай шатқалдар әлем бойынша үш елде бар: Америкадағы Колорадо, Тәжікстан құзы және Алматы облысындағы Шарын шатқалы. Шатқалға жылдың кез келген маусымында баруға болады. Тек жаз мезгілінде ауа-райы өте ыстық болады. Сондықтан да, шатқалға сәуір, мамыр және қыркүйек айларында барған жөн.

Түрген шатқалы

Шатқал сарқырамаларымен өте танымал. Страус құстарын өсіретін ферма мен форель шаруашылығы бар. Сарқырамаға жаяу көтерілуге болады. Ал жаяу жүргенді ұнатпайтын жандар сарқырамаға көтерілу үшін атты жалға алса болады. Аттарды жалға алу 400-500 теңгені құрайды.

Көлсай

Қазақстанның ең көрікті мекендерінің қатарындағы Көлсай тауында үш көл бар. Табиғаты әсем, ауасы шипа, суы дәру жерге өзге елдерден туристер көп ағылады. Көлсай тауларының етегінде киіз үйлер тігілген. Көл айдынында қайықпен жүзіп, тартымды табиғат аясында демалуға болады.

Ғ. Ұзақ