Қазақ шипажайлары ғасыр бұрын қандай болған?

Қазақ шипажайлары ғасыр бұрын қандай болған?
Фото: Автордан

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатында бұған дейін жария болмаған құнды дүниелер өте көп. Құнды болатын себебі, мұндағы материалдардың кейбірі ширек ғасыр немесе жарты ғасыр бұрын таспаға басылған. Тіпті объективке ілінгеніне ғасырға жуықтап қалған фото-құжаттар да бар.  Байқасаңыздар, соңғы жылдары мұрағаттық материалдарға әлемдік ақпараттық нарықта сұраныс еселеп артып келеді. Өйткені кешегі кезең – бүгінгі тарих. Бұл туралы ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің бөлім жетекшісі Еңлік Толықбаева әңгімелейді.

«Каменское плато» курортындағы  киіз үйден тұратын қымызбен емдеу қалашығы. Алматы, 1938 ж.

Мәселен көпшілік бүгін барып, жанына дәру тауып жүрген отандық шипажайлардың да өзіндік тарихы бар. Қолымызға түскен фото-деректерге үңілсек, Қазақстандағы ерте кезден жұмыс істей бастаған шипажайлардың бірі – «Каменское плато» курорты екенін байқаймыз. Екінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып-ақ осы жерде қымызбен емдеу орталығы науқастарға қызмет көрсеткен.

«Алма-Арасан» шипажайының кіреберіс қақпасы.  Алматы обл, 1947 ж.

Ал бүгінде тек Алматы жұртшылығы ғана емес, барша қазақстандықтар жақсы білетін «Алма-Арасан» шипажайының бай тарихына мына фото дәлел. Сурет қырқыншы жылдардың ортасы ауа түсірілген. Алайда бұл «Алма-Арасан» жұмысын осы кезеңде бастады деген сөз емес. Бәлкім алдағы уақытта шипажайдың бұдан да ілгеріде ашылғанына айғақ боларлық материалдар қолымызға ілігіп қалатын шығар.

«Рахман қайнары»  курорты. Шығыс  Қазақстан обл,  1973 ж.

«Рахман қайнары»  курорты. Шығыс Қазақстан обл,  1973 ж.

Өйткені Шығыс Қазақстан облысындағы әйгілі «Рахман қайнары» курортынына қатысты қос фото бертінде түсірілген. Уикипедия мәліметтеріне қарасақ, бұл жерде сонау 1925-1936 жылдары курорт болғанын байқаймыз. Кейін жабылып, 1960 жылы қайта ашылған.

Осындай тарихи суреттер адам қиялын халық жадында берік сақталған аңыздарға жетелейді. Мәселен «Рахман қайнары» курортының немесе оның шипалы суының табылуына байланысты ел аузында мынадай аңыз бар: Ертеректе Алтай тауының бөктерінде Әбдірахман деген аңшы өмір сүріпті. Бір күні ол аңға жалғыз ұлын ерте шығады. Әкелі-балалы екеудің алдынан лағын ерткен сыңар мүйізді марал кесіп өткенде, бала оқ атса керек. Оқ лаққа тиіп, омақаса құлайды да, қайта тұрып, безіп жөнеледі. Тек  оның аяғынан дірдектей аққан қанды көріп, аңшы бала есінен танып қалыпты. Зәресі ұшқан Әбдірахман ұлының есін жиғызу үшін сылдырап аққан бұлаққа келгенде, бұлақ суына жаралы лақтың аяғын малып тұрғанын көреді. Байқап қараса, аңның жарақатынан аққан қан тоқтаған екен. Мұның келгенін сезген марал лағын ертіп, зымырай жөнеледі. Әбдірахманның әкеліп ішкізген суынан бала дереу ес жияды. Сосын аңшы бұлақ суынан торсығына құйып алып, ауылдағы сырқат жандарға береді. Олар да дертінен айығады. Кейін жұрт бұл қасиетті бұлақты "Әбдірахман қайнары" атаса керек. Келе-келе ол «Рахман қайнарына» айналып кетеді.  

«Ақсай» балалар шипажайында  АСМ-2 аппаратымен бұлшықетті электростимуляциялау процесі. Алматы обл, уақыты белгісіз.

«Түрксіб» шипажайы. Весновка өзенінің жағалауындағы демалушылар. Алматы, 1949 ж. 

Бүгін біз ұсынған Қазақстан шипажайларына қатысты материалдар – мұрағаттағы мол мұраның бірер тамшысы ғана. Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар  және дыбыс жазбалар мұрағатында 183 000 мыңнан астам фотокұжат бар. Оның қаншасы шипажайларға қатысты екенін алдағы уақыттарда анықталады.

Г. Берік