"Цифрлық Қазақстан": "Smart City" тұжырымдамасын құру және іске асыру

"Цифрлық Қазақстан": "Smart City" тұжырымдамасын құру және іске асыру

"Ақылды қала" (Smart City) термині ХХ ғасырдың 90 жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қолданыла бастады. Алғашында дүйім жұрт үшін бұл термин түсініксіздеу болғанмен, соңынан өз жемісін берді. Халықтың әлеуметтік ісіне оң әсерін тигізіп, қалалық инфрақұрылымның дамуына жол ашты.

"Smart City" тұжырымдамасы – халықтың барлық ресурстар мен қажеттіліктерінің жан-жақты тепе-теңдігің қамтамасыз ететін  қалалық инфрақұрылымның зияткерлік дамуы. Жоғары технологиялық шешімдер негізінде "ақылды қалалар" барлық ресурстарды ұтымды пайдалану мен басқаруға қол жеткізуді және тіршілік ету ортаны өзгерту мен басқаруға жергілікті қоғамдастықтың кең тартылуын қамтамасыз етуі керек. Демек, бұл тұжырымдама елдің барлық ірі қалаларын қамтуға тиіс.

Негізінен "Smart City" термині ІТ компаниялардың ұсынуымен жаңа серпін алды. Танымалдылығы артып, бүгінде әлемнің барлық дерлік ірі қалалары осы мәртебені иеленуге ұмтылып отыр. Аустралияның ғаламдық инновациялық агенттігі жариялаған рейтингте (Innavation cities) Ұлыбритания елінің астанасы Лондон көш бастап тұр. Екінші орында Нью-Йорк (АҚШ) болса, үштікті Токио (Жапония) түйіндеген. Сондай-ақ алғашқы ондыққа Сан-Франциско, Сан-Хосе, Бостон, Лос-Анджелес, Сингапур, Торонто және Париж қалалары енген.

Қазақстанда "Smart City" технологиясын енгізуді Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында қолға алу шарасы бірнеше жыл бұрын басталып кетті. Бүгінде бұл қалаларда ауқымды жобалар қолға алынып, «ақылды қала» атану үшін алға қадам басып келеді.

- Астана қаласында "Тіршілік қызметін кешенді қамтамасыз ету жүйесі" жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде сегменттер қызмет істейді: бейнебақылау камералары, бұзушылықтарды фото-бейне тіркеу, сонымен қоса деректерді өңдеу орталығы құрылды, Жедел басқару орталығы және интеллектуалды байланыс орталығы қалыптастырылды. "Smart мектеп", "Smart көше жарығы", "Smart емхана" және т.б. бағыттары бойынша бастамалар іске асырылуда. Бүгінде "Smart мектеп" жүйесіне 88 мектептің ішінен 19 мектеп, "Smart емхана" жүйесіне 10-ның ішінен 2 емхана қосылды. Алматы қаласында ереже бұзушылықты фото-бейне тіркеу жүйесі енгізілді, ал 2015 жылы "Оңай" қоғамдық көлікте электрондық билеттеу жүйесі іске қосылды.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, "Smart City" технологиясын енгізу мегаполистердің мәселелерін шешуге септігін тигізіп қана қоймай, сондай-ақ оларды дамытуға ауқымды мүмкіндіктер береді және қала тұрғындары өмірінің жайлылығы мен ыңғайлылығын арттырады, - деп "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасында айқын көрсетілген.

Иә, расымен "Smart City" технологиясының дамуы қала тұрғындарының уақытын үнемдеуге, алдына-ала жоспар түзуге көп көмегін тигізуде. Алматыда медиаборттар (көлік жылдамдығы, кептеліс, ауа райы, т.б.) орнатылып, жүргізушілердің сенімді серігіне айналып үлгерді. Осы жылдың соңына дейін саны 150-ден асады деп жоспарлануда. Ал Астанада "ақылды аялдамалар" орнатылып, автобустың уақыты мен бағытын көрсетіп тұрады. WIFI мен қыста жылу жүйесі де қосылады. Бұл аялдамаларды күннен қуат алатын батареялармен жабдықтау да назарға алынған. Қазіргі таңда Астана мен Алматы тұрғындары үшін мобилді қосымшалар да көптеп іске қосылуда.  Мегаполистерден үлгі алып, "Smart City" концепсиясын еліміздің өзге қалалары да біртіндеп енгізе бастады. Осы қарқынмен 2030 жылға дейін республиканың барлық қалаларын "Smart City" талабына сай дамыту жоспары күтіп тұр. 

Ө. Сансызбай