«Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар» деректі фильмі Ресейде жүлде алды

«Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар» деректі фильмі Ресейде жүлде алды
Фото: vk.com

Таяуда «Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар» деректі фильмі Санкт-Петербор қаласында өткен «Білім әлемі» атты XI Халықаралық ғылыми-көпшілік және ағартушылыққа арналған фильмдер фестивалінде Орыс географиялық қауымдастығы тағайындаған арнайы жүлдеге ие болды.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар» атты екі сериялы деректі фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарды. Фильмнің сценарий авторы – Бақыт Қайырбеков. Режиссерлері – Бақыт Қайырбеков және Алексей Каменский.

«Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар» фильмі қыпшақ жазуларының көне қолжазба ескерткіштері туралы баяндайды. Фильмнің бірінші бөлімі осыдан 700 жыл бұрын Ертістен Днепрге дейінгі кең дала – Дешті-Қыпшақта тұрып, көптеген түркі тілдерінің  негізін қалаған қыпшақтар тілінің даму тарихына арналған.  Ал фильмнің екінші бөлімі қасиетті Петр шіркеуінің кітапханасында сақталған «Codex Cumanicus» (Кодекс Куманикус) кітабы туралы сыр шертеді. Оны Венеция кітапханасына 1362 жылы Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті ақыны Франческо Петрарка сыйлаған екен. «Қазақфильм» АҚ президенті, фильмнің режиссері Бақыт Қайырбеков туындының басты ойы, ойлаған және қол жеткізген жетістері туралы баяндай келе, басты мақсат – берекелі Жібек жолы арқылы көршілес халықтардың бейбіт өмірін қайта жаңғырту екенін айтты. Оның айтуынша, қыпшақ көсемдерінің қауіпсіздікті қамтамасыз ете алуының арқасында сауда керуендері еркін жүріп отырды. Сонымен қоса барлық еуразиялық кеңістікте халықтардың рухани құндылықтармен алмасуына қызмет етті: «Мұндай әлемді Батыс пен Шығыс та армандады. Адамдар арасындағы өшпенділік күшейген және діни қақтығыстар орын алып жатқан заманда, сондай бейбіт өмірді адамзат бүгін де армандайды. Фильмнің бар айтар ойы – өзара түсіністік пен қарым-қатынастың ортақ тілін таба білу», – дейді режиссер.

Айта кететін жайт, аталған деректі фильм былтыр АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде арнайы көрсетіліп, американдық көрермендердің, қоғам және мәдениет қайраткерлерінің  жоғары бағасына ие болды.

Бақыт Қайырбеков фильмді түсіруге қалай кіріскені жайлы былай деді: «2014 жылы қыркүйек айында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ескі қыпшақ жазуы атақты «Кодекс Куманикстің» (Құман кітабы) көшірмесін еліміздегі Ұлттық кітапхананың алып, қайта қалпына келтіруіне қолдау көрсетті. Қазан айында оператор Анатолий Валуйский екеуміз министр Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен Мәдениет министрлігінің ресми делегациясының құрамында болып, Арменияға бардық.  Біз Месроп Маштоц атындағы институттың экспонаттары Матенадаранның ежелгі қолжазбаларымен  таныстық. Бәрінен бұрын бізді Қыпшақ ауылындағы Қыпшақ, бүгінде Арыч деп аталатын шіркеу таң қалдырды. Қарашада министрдің бастамасымен италиялық қалпына келтірушілердің жұмысын таспалау үшін Венецияға бардық. Барлық  түркітілдес республикалар арасында ата-бабалардың мұрасына еліміз қызығушылық танытып және оны қайта жандандыруға атсалысып жүргені қуантады», – дейді .

XI Халықаралық «Білім әлемі» кинофестивалі РФ мәдениет министрлігі және Санкт-Петербор мәдениет жөніндегі комитетінің қолдауымен, М.Горький атындағы киностудияның ұйымдастыруымен жыл сайын өткізіледі. Фестиваль барысында физика, география, астрономия, медицина, тарих, лингвистика және басқа да ғылыми тақырыптарға арналған фильмдер көрсетіледі. Биыл фестивальдің іріктеу комиссиясына 300-дан астам фильмдер ұсынылып, олардың 23-і негізгі байқауға өткен. Көрерменнің назарына Ресей, Германия, Ұлыбритания, Франция, Нидерланды, Қазақстан, АҚШ сынды басқа да мемлекеттердің фильмдері қатысқан.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Дерекөзі: "Түркістан" газеті

Н. Айдархан