Әсия Бағдәулетқызы. «Анаға апарар жол»

Әсия Бағдәулетқызы. «Анаға апарар жол»
Фото: Informburo.kz

Өткен ғасыр қазақ халқын сынауындай-ақ сынапты. Алдымен, ақ пен қызыл, бай мен кедей болып жіктеліп, аға мен іні, әке мен бала бір-біріне қару алып шауыпты. Содан соң аз ғана қазақ сайын далаға сыйыса алмай, дүниенің төрт бұрышына бытырап жан сауғалапты. Елде қалған боздағын сатқан, атқан, қудалаған. Алдындағы малын сыпырып алып, аядай ауылдарында аш-жалаңаш теңселтіп, қырып салған. Енді ес жидым дегенде соғыс басталған. Тағы сол қазақ, толарсақтан қан кешіп жүріп орыс пен украинның жері үшін жан тапсырған. Ал, одан кейін… Медаль тағып аман келгендердің бәрі шүбәсіз қаһарман емес еді. Жазықсыз қуғын соғыстан кейін де жалғасқан. Өйткені, кеңестер елінде білімді болу, текті болу қауіпті еді.

«Анаға апарар жол» кешегі, бірақ, бүгін ұмытыла бастаған тарихты бұқараға баяндап береді. Бастауыш сыныптарда «мазмұндама» деген тапсырма болушы еді. Бұл фильм ХХ ғасыр тарихына берілген сондай мазмұндамаға ұқсайды. Тіпті, мектеп бағдарламасында тарих пәніне қосымша ретінде қолданылса артық емес. Біз мұнымен фильмнің бағасын кеміткелі отырған жоқпыз. Жай ғана, аталған дүние қай ракурста құнды екенін айтқымыз келеді. Ақан Сатаевтың тарихқа сондай бүтіндікпен қарай алғаны қуантады.

Фильмді алғаш рет ресми премьерасына дейін бірінші наурызда, Алғыс күніндегі жабық көрсетілімде көрдік. Шынында да, кинодан кейін Сатаев таспалаған нәубеттің бәрін бастан кешкен, замана тосқан зауалдың бәрін «қыңқ» демей көтерген ата-әжелерімізге тізерлеп тұрып алғыс айтқың келеді. Өмірге шағыну, еліңді жамандау сәнді ғой бүгін, бірақ «Анаға апарар жолдан» кейін бір ғасыр бұрын емес, дәл осы кезеңде туылған біздің буын қаншалықты бақытты екенін түйсінер едіңіз.

Сондықтан да, бұл туындының жылдың ең айтулы премьерасы, мүмкін, тіпті Тәуелсіздік жылдары түсірілген ең маңызды фильмдердің бірі ретінде танылуы орынды. Бұған дейін аталған тарихи кезеңдер туралы «Аманай мен Заманай», «Жерұйық», «Жат», «Аманат», «Көшбасшы жолы» сияқты фильмдер болды, бірақ, ғасыр тауқыметтерін неғұрлым толық сыйдыра білген отандық туындының бірі осы «Жол» болды. Құлашты, құшағы кең шығарма, біз күтпеген бүтіндікпен ғасыр оқиғаларының бәрін қамтиды.

Ақан Сатаев жанрлық киноның табысты үлгілеріне жиі үңіледі. Бандиттік боевик, психологиялық триллер, «қылыш пен қалқан драмасын» да түсірді. Әркез жанрға ортақ штамптардан алыс кеткен жоқ. Бірақ, дәл осы, әзірге соңғы фильмінде сол штамптардың бәрін құшақ жая қарсы алуға дайын болдық. «Штамп» деп нені айтып отырмыз? Абақты дәліздерінде екі күзетшінің ортасында сүйретіліп бара жатқан Ілиястың бейнесі. Аппақ жаймалардың арасынан жүгіріп келе жатқан қыз. Аштық жайлаған далада арбамен кетіп бара жатқан бірнешеу. Аспанға атылатын оқ. Бір қарағанда, ең бір көркемдік ұтымды болуға тиіс көріністер тым үйреншікті, жаттанды болып шығады. Бірақ, бұл фильмді сіз көркемдік жаңалық үшін емес, оқиғаның өзі үшін қарайсыз. Қазіргі экранға қараңызшы! Қазақ тарихында мұндай көп кино түсірілген уақыт бұрын-соңды болған емес. Бірақ, дәл қазіргі экранда адам мен оның тағдырына деген тапшылық сезіледі. Кейіпкерлер ұсақталып, кетті, киноға арқау болатын олардың проблемалары да ұсақ. Ал, «Анаға апарар жолда» тағдыр бар. Сол үшін де ол назарға лайық. Сюжеттік тұрғыда – мықты, идеялық тұрғыда құнды. Қалайша мықты, несімен құнды?

Алдымен, бас кейіпкерлер Ана мен Бала. Демек, Ана – Отан, Атамекен, туған жер. Бала – перзент, халық, қазақ. Анасына асыққан Ілияс арқылы туған жерге байланған қазақ туралы айтады. Екеуінің басындағы талайлы тағдыр қатар өріледі, параллель сипатталады. Сол арқылы бүтін бір дәуірдің портреті шығады. Фильм бірнеше тарихи кезеңге бөлінген.

Алғашқысы. Жиырмасыншы жылдар. Мұқан мен Мәриямның отбасында (Е.Дайыров, А.Нөгербекова) ұл бала дүниеге келеді. «Мынандай боранды күнде дүниеге келген бала мінезді болады». Ілияс ес біліп қалғанда, олардың отбасына Мұқанның ағасы Лұқпан (Б.Айтжанов) қонақ болады. Әке мен ағаның әңгімесінен елдің жайы белгілі. Хамит (А.Сатыбалды) селсовет болып сайланған, халықты колхоздастырып жатыр, Ерсайын бай (Б.Әбділманов) шекара аспақ. «Хамит кім, Ерсайын кім? Жұт кезінде халықты аштықтан аман алып қалған Ерсайын емес пе еді?» дейді аға. «Халықтан бөлініп қайда барамыз» дейді іні. Келесі бір көріністерде Ерсайын, колхозға деп кәмпескеленген малын қайтып алуға келеді. Аға мен іні бір-біріне қарсы шығады. Оқ атылады, іні қаза болады. Екеуі де ер еді. Екеуінде де кінә жоқ. Кінәрат заманда ғана.

Екінші кезең. Елдегі аштық. Шетелдегі көші-қон. Ерсайындар жан сауғалап кетпепті, жұртта қалса қойдан жуас жұртты қандай болашақ күтіп тұрғанын біліп кеткен екен. «Индустриаландыру қандай бағамен келгенін Мәриям білетін еді» дейді авторлық дауыс. Ерсайын да білген. Қызыл террордың қайда апаратынын болжаған. Олар шетел асқанда да ешкім бал жағып күтіп отырмапты. Бір үзім нан үшін ауыр еңбек еткен. Ал, ауылда аштық жайлаған. Мұғалім Жансейітті (А.Сейтметов), сол кездегі кез келген көзі ашық азаматты сияқты, жазықсыз атып тастайды. Жансейіттің әйелі, ол көз жұмады. Жалғыз қалған Мәриям олардың қызы Үмітті бауырына басады. Шынында да барынан айырылған елдің үміттен басқа ештеңесі қалмап еді.

Үшінші кезең. Ілияс, Украина. Мәриям, қала. Төртінші кезең. Соғыс. Бесінші кезең. Соғыстан кейінгі жылдар. Соңы.

Соның бәрінде бас кейіпкер Ілияс азаматтық абыройын биік ұстайды. Дір еткенін көрмейсің. Бала кезінде қыздың намысын қорғайды. Көш кезінде әскерлердің келе жатқанынан белгі береді. Түркияда жеңгесіне көмектеседі. Украинада Мишаны қорғайды. Соғыста ерлік көрсетеді. Қайтар жолда бұрынғы ұстазы, Давид Шломовичті қорғайды. Айдауда әлсіз түрмелесін қорғайды. Ылғи да өзгені қорғаймын деп, өзі бәлеге қалады. Бірақ, өмір үшін, жақсылық үшін күресе береді. Оның бір ғана кемшілігі бар. Ол – кемшілігінің жоқтығы. Киноны голливудтық өлшеммен бағалайтын көрерменді бас кейіпкерлердің ертегі батырындай болғаны тосылтуы мүмкін. Кемшілігі жоқ. Кеңес кезіндегі оқулықтардың бетінен түсе қалғандай. Бірақ, қалай да Әділ Ахметовпен бірге экранымызға «жаным арымның садағасы» дейтін адамгершілік оралды. Жылтыр бет жігіттер қаптаған уақытта Әділ Ахметовтің қазақылық пен азаматтықтың белгісіндей болып киномызға келгені қуантады.

Алтынай Нөгербекованы көр-генде «Әмина Өмірзақова өлмепті» дедік. Өмірзақова тіріліп келмесе де, ұлы актриса сомдаған кесек-кесек аналар образының елесін көрдік. Әсіресе, Мәриямның (А.Нөгербекова) Ілиясты әкеткендегі «Қайтарыңдар баламды!» деп шырылдағаны естен кетпейді. Немесе намаз оқып отырып Алладан дұға тілейтін сәтін еске алыңыз.

Алтынай Нөгербекова Ілиясты босанатын алғашқы көріністен баласын құшақтап отыра кететін соңғы көрінісіне дейін ақылды көздерімен, жүзінен төгілген мейірімімен фильмді жылытып тұрды. Оның бәрімізге балалық шақтан таныс сияқты көрінетін бет-әлпеті, ішкі жарығы бар қой көздері осы рөлге құйып қойғандай және оған қоса, кәсіпқой маман ретінде рөлін сезіну қабілеті таң қалдырады. Оның Мәриям болып күйзелуі мен қайғыруы, үміттенуі мен шаттануы, момындығы мен қайсарлығы біз білетін қазақ әйелінің идеалын еске түсіреді. Гримердің жоқтығынан жас қызға ересек актрисаның даусын салып-ақ «қартайтып» жүрміз ғой. Сол өлшеммен алғанда Алтынайдың «қартаюы» толық сенімді болмаса да, осыған дейінгі кинолардан тәуірлеу шығыпты. Аружан Жазылбековадан қазақ қызына тән нәзіктік пен тазалықты байқадық. Ол аса эмоционалды емес, бірақ, ең бір шешуші тұстарда бетін көлегейлей алады. Орамал, ақжайма ол үшін «жұмыс істейді». Берік Айтжанов, Болат Әбділмановтар бостандығын биік қойған батыр қазақтардың рөлін сомдады. Аға мен іні, Лұқпан (Б.Айтжанов) мен Ілиястың арасындағы үнсіз қақтығыстар да қызықты. Және көбінде көздері шешен Берік Айтжановтың арқасында. Ол Ілиясты желкесінен алып, атының алдына салғанда, баланы анасынан айырған озбырлықты емес, «менің қаным» деген туыстық жауапкершілікті көресіз. Ол Ілиясты пароходқа отырғызып, жыртық шалбарымен қол бұлғап тұрғанда қимастық пен тозып кеткен азаматтық абыройды көресіз. Болат Әбділмановтың даусындағы театралды драматизм бұл кинода жарасымды. Эпизодтағы (Е.Дайыров, А.Сатыбалды, Н.Сәдібеков, т.б.), массовкадағы кейіпкерлер де барынша шынайы, фильм атмосферасынан шығып кетіп жатқан жоқ.

Осыған дейін де Тимур Жақсылықов жазған «Жаужүрек мың баланың» тілінде кедір-бұдырлықтар көп еді, «Анаға апарар жолда» сценарист қазақша еркін көсіледі. Табиғи да шынайы. Режиссерлік тұрғыда фильмнің «қалай» емес, «нені» айтып отырғаны маңыздырақ болып тұр. «Анаға апарар жол» күрделі кезеңнің оқиғаларын ойпаң-тойпаңсыз, нанымды баяндап шығуға жарап тұр, сол үшін де рахмет. Әсіресе, шайқаста пиротехниканы барынша пайдаланған эпизод («Қатардағы Рейнді құтқару»), көрермен үшін қызық болды. Басқа кезеңдерде де, детальдарға барынша мән берілген. Әсіресе, қағаз, анықтама, қол қою… ірі планда жиі көрсетіледі. Арыздар мен қаулылардың заманы болған кеңес дәуірінің символы болуға жарап тұр. Фильмде көбінесе салқын түстер пайдаланылады, сол заманның мінезіне сілтеме деп түсіндік. Қазақ жері де жайнап тұрған жасыл желек емес, ашаршылықты көрген, қуғын-сүргінді өткеріп жатқан құнарсыз, бақытсыз дала болып көрсетіледі. Тасты жарып шыққан гүл – фильмдегі ең басты образдың бірі. Бұл – Ілиястың, не оның шешесінің ғана сипаты емес. Бұл – бүкіл қазақ халқының сипаты. Дүние қандай қатыгез, қатал болса да, өмірді сүйген, тазалығынан, аңқылдақтығынан ажырамаған елдің сипаты. Техникалық тұрғыда мұнда бәрі де есептелген. Жоғарыда айтқандай, қазақ киносында сирек кездесетін құбылыс – гримерлердің жұмысы бар. Арнайы әсерлер, визуалдық эффектілер, монтаж, композиторлық, операторлық жұмыс – бәрі де көңіл толатын деңгейде.

Не керек, Сатаев бірнеше салмақсыз жобаларынан кейін шындап кіріссе ел сүйсінтетін шығарма түсіре алатынын көрсеткен сияқты. Бұл – ана мен баланың арасындағы таусылмайтын, түгесілмейтін, ештеңеге мойынсұнбай, жақсылықтан үміттенетін сағыныш туралы фильм. Бұл – қазақ баласын туған жерімен жалғап тұрған қасиетті байланысты көзге көрсете білген кино. Бұл – қандай қиындық көрсе де адамгершіліктен қия баспаған, азаматтық арына көлеңке түсірмеген Ілияс образы арқылы аға буынға деген біздің ұрпақтың тағзымы. Сондықтан, «Анаға апарар жол» үлкен табыс, ұлттық таным, тарихи санамыздың оянуына қосылған сүбелі үлес деп түсіну ләзім. Ақан Сатаевтың гуманистік манифесі, азаматтық лебізі деп қабылдауға да болады.

P.S. Фильмнің соңына қарай көрермен залында көзінің жасын сүртпеген, аһылап- үһілемеген адам қалмайды. Өйткені, бұл біздің ішімізде қайнап жатқан, қашаннан бері экранға сұранып жүрген ұлттық трагедиямыз емес пе?!

Әсия Бағдәулетқызы

Дереккөзі: atr.kz

Н. Айдархан