Қазақ киносының жаңа белесі

Қазақ киносының жаңа белесі
Фото: cinedam.wordpress.com өңделген

Қазақ режиссері Елзат Ескендірдің "Өліара" ("Off-season") қысқаметражды фильмінің тұсаукесер рәсімі Оңтүстік Кореяда Пусан кинофестивалінде өтеді.

Биыл Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында 6-15 қазан аралығында ХХІ-ші Халықаралық BIFF кинофестивалі өтеді. Busan International Film Festival (BIFF) – Азия киноиндустриясында ғана емес әлемде шоқтығы биік кинобайқау. BIFF кинофестивалінде еліміздің жас киногері Елзат Ескендірдің "Өліара" ("Off-season") қысқаметражды фильмінің премьерасы өтеді және "Wide Angle section: Short Film Competition" конкурстық бағдарламасында басты жүлделі орынға таласады. Отандық "Tanaris Production" кинокомпаниясыныңөнімі негізгіүміткерлер қатарында.

21 жылдық тариxы бар Халықаралық Пусан кинофестивалінде World Premiere-сы (әлемдік премьерасы) өтетін "Өліара" фильмініңқоюшы режиссеры Елзат Ескендір – Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының түлегі, Ираклий Квирикадзе шеберханасында тәлім алған жас кинотанушы. Сценарий авторлары – Елзат Ескендір және Өміржан Әбдіхалықұлы. Басты рөлдерді белгілі әртістер Асылболат Смағұлов, Баян Қажынәбиева, Дулыға Ақмолда және баланың рөлін Мақсат Әбдірахман сомдайды. Продюсер – Сергей Азимов, сo-продюсерлері – Анна Вилгельми (Германия), Дария Азимова, атқарушы продюсері – Дәурен Дариябек.  

Кинокартинаның атқарушы продюсері Дәурен Дариябек: "Шығыс мәдениетін әлемге үлгі етуді мақсаты тұтатын кинобайқаудың конкурс тізіміне ілігудің өзі – үлкен мәртебе. Бұйыртса терең психологиялық драмаға құрылған "Өліара" туындысы Пусан BIFF кинофестивалінен олжасыз қайтпайды деп үміттенем әрі оған шығар күндей сенем", – деп пікір білдірді. 

Г. Берік