Апалы-сіңілінің өмірі өрнектелген хикая

Апалы-сіңілінің өмірі өрнектелген хикая
Фото: «Қазақстан» Телерадиокорпорациясы

«Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысы бойынша «Көркем фильм» кинокомпаниясы 100 сериялы «Айман-Шолпан» атты драманың түсірілім жұмыстарын бастады.

«Айман-Шолпан» хикаясы отбасылық қарым-қатынаспен байланысты екі қыздың тағдыры туралы баяндайды. Екі өмір, екі қаһарман, бірақ бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі мінез. Өмірдегі бір рет болған кездесу олардың өмірлерін түбегейлі өзгертеді. Трагедиясы мен драмасы араласқан оқиғаның адам нанғысыз сырлары ашылады.

Туыстық қатынас қаншалықты мықты? Өмірдің ащы шындығын өрімдей жас қыздар қалай қабылдайды? Тағдырдың жазғанына көнер ме?

Хикая актерлерін тек Қазақстан бойынша ғана емес, сонымен қатар Лондоннан, Татарстаннан, тіптен Барселонаның өзінен іздеді.

«Көркем фильм» кинокомпаниясының кастинг-директоры Аида Джанетованың айтуынша, өтінімдер көптеп келіп түсті. Соның ішінде бас рөлдерге де өтінім көп. Тек қана апалы-сіңілілі қыздардың рөлін сомдауға келіп түскен өтінімдердің саны 73 болды. Бас рөлді сомдау үшін бақ сынауға Барселонадан арнайы келген тұрғын да болды.

Көрермен отбасылық құндылықтар маңызы, қылмыстық оқиғалар мен драма сияқты өзекті де, өміршең тақырыптардың куәсі болады.

Хикая қысқа мерзім ішінде – 4 айда түсіріледі деп жоспарланды. Түсірілімдер күн сайын қатарынан бірнеше локацияда, «Қазақфильм» киностудиясында және Алматы қаласы бойынша жүргізіліп жатыр. Түсірілім алаңдарында екі қоюшы режиссер қызмет атқарады.

Жобаның бас продюсері — Рустам Азаматов, сценарий авторлары — Рашид Сүлейменов, Альбина Ахметова және Светлана Петрейчук, қоюшы-режиссерлер — Айбек Дайырбеков пен Ержан Рүстембеков, қоюшы операторлар — Саят Жанғазинов пен Самат Шәріпов, басты рөлдерде  Салтанат Бақаева, Оразхан Кенебаев, Ұлан Нүсіпәлі, Зибагүл Карина, Өсіпхан Сейтімбет, Камалия Байтөлеуова.

Г. Берік