"Қазақ Елі" тарихи анимациялық фильмі айналымға шықты

"Қазақ Елі" тарихи анимациялық фильмі айналымға шықты
Фото: massaget.kz

Бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша "САҚ-дала" киностудиясы түсірген "Қазақ Елі" атты алғашқы тарихи толықметражды анимациялық фильмі көрсетіледі.

Бұл туынды Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай, қазақ жастарына патриоттық тәрбие беру және олардың азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету мақсатында түсірілген. Танымал отандық ғалымдар мен жазушылар атсалысқан жоба тарихи фактілермен өріліп, балаларға түсінікті тілде жеңіл әрі қызықты оқиғалармен қамтылған.

Картинада болашақ хандар Жәнібек пен Керейдің балалық шағы, есею жылдары туралы, сонымен қатар шайқастың айла-тәсілі мен ғылымды қалай меңгергендері, бостандық пен тәуелсіздік үшін күрес жолында қазақ елінің басын қалай біріктіргендері баяндалады.

Картинаның бас кеңесшілері тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбай және жазушы, кинодраматург Дулат Исабеков болды. Ал кейіпкерлерді Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен Жұмат Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртістері дыбыстады. Жалпы жобаға 60-тан аса адам жұмылдырылған.

Y. Almabek