Қыз Жібек

Қыз Жібек
Фото: alashainasy.kz

Өшпес мұра «Қыз Жібек» жырының желісімен түсірілген Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» көркем фильмі қазақ киносының алтын қорына айналды.

1968-1970 жылдары түсірілген «Қыз Жібек» көркем фильмінің тұсауы 1970 жылы Алматы қаласындағы «Целинный» кинотеатрында кесілген болатын. Бүкілодақтық тұсау кесері 1971 жылы Мәскеу қаласында өтті.

Фильм сценарийін жазған Ғабит Мүсірепов Жібек пен Төлегеннің махабаттын ғана жазып қоймай, ел-жұртты бірлікке шақырып, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрді көрсетуге ұмтылған. Фильм музыкасын саз сайыпқыраны Нұрғиса Тілендиев ұлттық нақышқа келтірсе, ән өлеңдерін Қадыр Мырза Әли жазған.

Фильм 1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Сол жылы Тбилиси қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальде «Үздік көркемдік шешім» номинациясы бойынша жеңімпаз аттанды.

Фильмде басты рөлдерді Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов сынды әртістер сомдады.

Н. Айдархан