Абай Қалшабек: "Әлем әдебиеті – менің ұлтымның ішкі әлеміне етене жақын әдебиет"

Абай Қалшабек: "Әлем әдебиеті – менің ұлтымның ішкі әлеміне етене жақын әдебиет"
Фото: facebook.com

Бүгінгідей қаптаған "измдер" дәуірінде қарапайым оқырман ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін ажырата алмай қалғаны өтірік емес. "Ұлттық әдебиет деген не?",  "Әлем әдебиеті деген не?" Осы секілді сұрақтарға дұрыс жауап таппай анық-қанығын дәл анықтау мүмкін емес. Кез келген ұлт әдебиетінің негізі өз топырағында, өз дәстүрінде болса керек-ті. Ақын Абай Қалшабек осы жөніндегі ойын өзінің фэйсбуктағы парақшасына жазған еді. Сіз де ой бөлісе отырыңыз, оқырман!

Әлем әдебиеті деген не? Мен үшін әлем әдебиеті- менің ұлтымның ішкі әлеміне етене жақын әдебиет. Ол бірінші кезекте Шекспир жасаған әдебиет емес, ол Достоевский жасаған әдебиет те емес, ежелгі гректердің қиялынан туған аңыздары да емес, тіпті Толстой да емес. Мен үшін әлемдік әдебиет – Қазтуған. Доспамбет. Махамбет. Шал ақын. Одан соң қара өлең. Абай. Мұқағали. Әуезов: "Абай Еуропаға барғанда арқасын шығысқа тіреп алып барады" дейді. Біз әлемдік әдеби үдерістен тыс қала алмаймыз, егер олай етсек қателескен болар едік. Сонымен бірге ессіз еліктеп кеткеніміз де жөн бола қоймас. Ізденіс керек. Мазмұндық тұрғыдан да, формалық тұрғыдан да ізденбей болмайды. Оған дау жоқ. Егер біз форма іздесек оның түп-тамыр қайнар көзі қазақтың қара өлеңінде, батырлар жырында, жыраулар поэзиясында екенін ұмытпай іздеуіміз керек. «Ішті алтын, сыртты күміс» деп бағалаған ұлттық танымға табан тіреуіміз керек. Қара өлеңді бүкіл адам баласына таңуға болмайды, әрине. Бұл өзбекке домбыраның жараспайтыны, қазаққа дутардың үйлеспейтіні сияқты. Қазақ орыстың балалайкісін тыңдауы мүмкін, бірақ оның үнінен домбырадан алған ләззатты ала алмайды. Әні де, әуезі де, шегі де, тіпті аспаптың сыртқы формасына дейін әр ұлттың өзіне тән, тек өзіне ғана тән аспабы бар. Әдебиет те сол сияқты...

Ж. Жұмағұлов