Қазақ жазушысының көрген күні

Қазақ жазушысының көрген күні
Фото: vk.com

Бүгінгі таңда елімізде кітап шығару ісі көңіл көншітпей тұр. Бұрындары жазушыларымыз тек жазушылықпен айналысса, бүгінде жазу, бастыру, тарату мәселелерінің бәрін жазушының өзі ғана атқаратын жағдайға жетті. Себеп көп. Осы жөнінде ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, әдебиеттану доценті Қуандық Шамахайұлы фэйсбук парақшасына пікірін білдірді. Алып-қосарыңыз болса, мархабат қадірлі оқырман!

Батыс елдерінде әдеби кітап көп оқылады. Жазушылар туындылары мол тиражбен басылып шығып, кітап саудасы қызып тұратындықтан табыстары да қомақты. Жазушы ретінде танылған әр қаламгер күн көрістің қамы үшін ешқайда жалданып жұмыс істемейді. Шығармашылықпен айналысып, кітаптарын шығарып та тәуір өмір сүре алады. 

Ал, бізде кітап оқылмайды, бөлшек саудада өтпейді. Жазушылар белгілі бір мекемеде жұмыс істеп, болмашы жалақыны мәсе тұтады. Кітабы үкімет бюджеті есебінен азғана тиражбен басылып шығады. Қаламақы жоққа тән. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітабын оқырман тұрмақ әріптес жазушылары да оқымайды. «Оқыдым» деп өтірік мақтай салуы мүмкін. 

Сонда, Батыс оқырманы қазақтан ақылды ма? Әлде, жазушылары шектен тыс талантты ма? Қазақ та жаппай сауатты, бәрі хат таниды. Жазушылар одағының қаптаған мүшелері бар, шетінен лауреат, пәлен орденнің иегері, тағы бірдеме. Жыл сайын әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді Мәдениет министрлігінің жанындағы данышпан сарапшылар кеңесі сұрыптап ең супер деген кітаптарға ғана батасын беріп, жарыққа шығартады. Данышпандардың бірі әлде бір мықты жазушының аты-жөнін естігенде аллергиясы ұстап қалатын болса, ең мықты кітап та "сараптаудан" өтпей қалады. Ендеше, даналардың батасын алған кітаптары неге оқылмайды? 

Гәп баспа орындарында ма деп ойлаймын. Батыс әлемінде мемлекеттік баспа атаулы жоқ, бәрі жекеменшік. Жазушылармен тікелей шарт жасасып кітапты өздері бастырып, таратады, саудаға шығарады. Үкіметтен қаржы да, бата да сұрамайды. Бастабында 500 дана басып шығарып жұрттың тамырын басып көреді. Жұрт жабылып, жапа-тармағай оқи бастаса, сұраныс көбейсе ғана топырлатып бастыра береді. Кейін тапсырыс түссе, сұранысқа қарай тағы да баса береді. Осылайша, қысқасы, баспаны да жазушыны да оқырман қауым асырайды. 

Жазушылар бар өнерін салып, тек жазумен ғана айналысатындықтан шеберліктері де шыңдалады, әл-ауқаттары да артады. Нобель сыйлығын алып, бай-қуатты өмір сүріп жатқандар да солар. Қазақ жазушысының көрген күні баршамызға мәлім.

Ж. Жұмағұлов