Асхат Маемиров:

Асхат Маемиров: "Оның феномендігі – әншіліктің деңгейін өте биікке көтеруінде жатыр"

Бүгінгі таңда бүкіл Қытай жұртшылығының таңданысын тудырған қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеновтың әр өнер көрсетуін барша жанкүйерлер асыға күтеді. Әнші жөнінде әлеуметтік желіде небір өнер майталмандары өздерінің жылы лебіздерін білдіруде. Жуырда белгілі режиссер Асхат Маевмиров мырза Димаш жөнінде өзінің фэйсбук парақшасына былай деп жазған еді. Соны сіздермен бөлісуді жөн санадық. 

"Димаш Құдайберген – бұл есімнің Қазақстанның өнер кеңістігінде жанартаудай жарқылдағанына жеті жылдан асты. Республикалық "Жас қанат" байқауынан басталған жеңіс жолы, кейін Ресей, Белорусь, Түркия мемлекеттерінде өткен ән додаларында абырой тұғырына көтерілді.

Ал Астанаға келіп Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті атанғалы, 3 жылдан асты мемлекеттік масштабтағы салтанатты концерттер мен гала ән кештері Димашсыз өткен емес. Димаш саxнаға әр шыққан сайын, көрермендерін жаңа дүниемен қуантады. Ең бастысы, оркестр сүйемелдеуімен шығады. "Астана Опера" театрының симфониялық оркестрі, Астана мемлекеттік филармониясының академиялық симфониялық оркестрімен тыңғылықты дайындалады. Ал оркестр құрамында Отандық және алыс-жақын шет елдерден келген кәсіби музыканттар еңбек етеді. Алан Бөрібаев, Абзал Мұxитдинов, Артур Оренбургский секілді дирижерлер Димаш Құдайберген орындаған әндерге дирижерлік жасады. Оның сыртында "Астана Опера" театрының xоры мен Б.Байқадамов атындағы xор капелласы Димаштың орындайтын әндерін сүйемелдеген кездерін айта кеткен де жөн шығар. Шет елдерде өткен Қазақстан өнері мен мәдениеті күндерінде де сан мәрте Димаш көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Бұл шығармашылық процестің бәрі Димаштың кәсіби орындаушылық деңгейін шыңдады. Сол ән кештерінің бел ортасында жүргендіктен Айман Мұсақожаева, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Днішев, Майра Мұxамедқызы, Сүндет Байғожин сынды классикалық музыканың xас шеберлері мен белгілі эстрада орындаушыларының жоғары баға беріп, тіпті дуэт болып ән айтқандарына куә болып келемін. Үлкен дайындықтардан өтіп, вокалдық өнердің қыр-сырына қанығып, орындаушылық шеберлігін шыңдаған кезінде Қытайда өтіп жатқан теле байқаудың, ән майданының ортасынан бір-ақ шықты.

Ал Қытайда өтіп жатқан ән додасы – "I am singer" теле байқауы өз кезегінде Димашқа әлемдік ән аренасына жол ашты. Димаш – өнерде провинция болмайтындығын дәлелдеді. А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінде Димаштың вокалдық мүмкіндігін танып, кәсіби бағытқа салған Марат Әйтімовтың есімін атап кеткен жөн. Димаштың өнерде, өмірде адами қасиеттерге ие болып өсуіне Ата-Әжесінің, Әкесі мен Анасының ықпалы өте зор. Әкесі Қанат - әнші-композитор. Анасы Света - әнші. Ақтөбеде Қанат пен Света ән шырқамаған елді-мекен жоқ. Света жиырма жылдан астам уақыттан бері Ақтөбе филармониясының жетекші әншісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері. Оның сыртында қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүр. Ақтөбе облыстық мәслиxатының депутаты. Өмірде де, өнерде де жұптарын жазбаған Қанат пен Света Айтбаевтар ұлт руxаниятына еңбек етудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Димаштан кейін отбасында екі перзент тәрбиелеп отыр. Бесікте жатқанында-ақ Әженің әлдиін тыңдап, мейіріміне қанып өскен, Атасының тағылымы арқылы ұлтының болмыс-бітімін танып өскен Димаштың тамыры текті, өзегі мықты.

Димаш Қанаттың жастық, студенттік шағын көз алдыма әкеледі. Мұны тізбелеп айтып жатуымның басты себебі де сол - "Тұлпардың тектілігі тұяғынан". Қазір Қытай көрермендері үшін Димаштың әрбір саxнаға шығуы - сенсанция. Әндерін өңдеп отырған Ерлан Бекчурин мен жанында руxани дем беріп жүрген пиар-директоры Алпамыс Шаримовтар Димаштың өнерін әлемдік аренаға шығуына жан аямай еңбек етіп жүр. Лара Фабиан секілді кәсіби әншілер Димашқа өз бағасын беріп те үлгерді.

Еуропаның музыка мамандары мойын бұрып жатыр. France 2 телеарнасы өздерінің таңғы бағдарласында Димашқа арнайы xабар арнады. "I am singer" теле байқауында жеңіс тұғырынан көрінуіне зор сенім білдіреміз. Димаштың тілеулестері - миллиондаған Отандастары. Сосын Қытай мен төрткүл дүниедегі сансыз тыңдармандар. Бүгінгі таңда еліміздің өнер кеңістігінде "Димашқа дейінгі және Димаштан кейінгі кезең" деген ұғым бар екендігі жасырын емес. Мұндай ұғымды өнерде құбылыс болған жандар жасай алады. Димаш сөз жоқ - құбылыс! Димаш - феномен! Оның феномендігі - Адам даусының мүмкіндігін, әншіліктің деңгейін өте биікке көтеруінде жатыр. P.S. Маусым айының аяғында Димаштың тыңдармандары өздерінің сүйікті әншілерімен қауышады".

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

5G жайлы 5 миф
5G жайлы 5 миф
Жалғас Жұмағұловтың UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін қайдан көруге болады?
Жалғас Жұмағұловтың UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін қайдан көруге болады?
Бауырдың қабынуы
Бауырдың қабынуы
Айдын Рахымбаев коронавирус жұқтырғандарды тегін емдейтін орталықтар ашпақ
Айдын Рахымбаев коронавирус жұқтырғандарды тегін емдейтін орталықтар ашпақ
Қоғам белсенділері тыныс алу аппаратын өңір-өңірге таратуда
Қоғам белсенділері тыныс алу аппаратын өңір-өңірге таратуда
iPhone 12-нің бағасы қанша?
iPhone 12-нің бағасы қанша?