Әдеби сынның басты миссиясы қандай?

Әдеби сынның басты миссиясы қандай?
Фото: wattpad.com

Өткен жолы белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлының "Хош бол, facebook-тегі "поэзия фестивалі" атты жазбасын жариялаған едік. Ақын фейсбук әлеуметтік желісіндегі кейбір өлеңшілерді сынға алып, енді қайтіп өзі бұл жерге өлең салмайтынын айтқан-ды. Жақында сыншы Анар Қабдуллина әдебиет төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Серік Ақсұңқарұлы Анардың жеке парақшасына "Әдеби сынның басты миссиясы" деп тақырып қойып: "Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын, Жаманның жамандығын айт, құты қашсын!!!" деген жазба қалдырған екен. Сыншы бұл сөздердің жаңа жазбасына негіз болғанын айтады.

Анар Қабдуллина, сыншы:

Серік ағам парақшама әдеби сынның миссиясы туралы бір мысқал ойын жазып қалдырған екен...

Әдебиет тарихи кезеңді бастан кешіріп жатыр. Жазу еркіндігі бүгінде басы бүтін қаламгердің өзіне тиді. Бірақ ұлттық әдебиеттің нағыз салтанат құрар шағында шығармашылық ой дағдарысына қалайша тап келіп отырмыз? Бәрін қойып, шығар жол ізделік.

«Бас Ие» кім және әдебиетке ол қажет пе?

Капиталистік қоғамның ерекшелігін бір түсіне алмай-ақ қойдық. Ендігі жекешелендірілген бәрі. Бай көздер алпауыт инвесторлардың қолында. Инвестор қай елдікі? Маңызды емес.

«Мемлекеттік» деген нәрсенің өзі – көзбояу. Мемлекеттік қызметкер табысы – оның өзінің сол мардымсыз еңбекақысының пайызынан алынатын салық, бұл – «өз бидайын өзіне қуырып беру» деп аталады.

Алайда, біздің тек қана мемлекеттік қызметте істеп, баламызды мемлекеттік оқу орнына түсіріп, тек қана «Мемлекеттік сыйлық» алуға құштарлығымыздың «құпиясына» бір жазушы үңіліп, күлкімен, сарказммен, астарлы ашумен көркем өрнектеп берсе, Эразм Роттердамский мен Франсуа Раблең жолда қалар еді.

Кешегі коммунистер – бүгінгі нұротаншылар. Бірыңғай киінген қаймана топ тәрізді, бірыңғай ой ойлайтын тобырдың саны сағат санап артпаса, енді кемімес. Сананы жадылау – саясат сынды әккі көзбояушыға қажет болғаны да.

Алайда, бүгінгі билікке ақын-жазушылардың еңбегін идеологиялық қару ретінде пайдаланудың қажеті шамалы. Мұның өзін Құдайдың қарасқаны деп қабылдайық.

Шындығында, биліктің ұлттық әдебиет пен мәдениетке мойын бұрып қарауына да шамасы жоқ. Оның өзі дәт дегізбейтін әлемдік экономика мен саясатқа тәуелді, ендігі жаппай жаһанданудың тұзағында тыпырлап жатыр. Билік үшін біз «қазақ» та емеспіз, жай ғана «қазақстандықпыз». Бұл - терең ойландыратын ақиқат.

Біздің кезеңнің трагедиясы

Жаһандану үдерісі қай кезде басталып кеткені белгісіз. Екпін алып бара жатқаны ғана мәлім. Өкініштісі, замана беталысын түсіндіріп беретін көркем шығарма сол күйі тумады. Ол ақиқат пен қоса, ұлттық дүниетанымның қаймағы бұзылмай, сақталып қалуына ықпал етуі тиіс болатын. Адамгершілік пен ендігі идеялық бағдарды анықтап беруі керек еді.

Ондай шығарма тумаса, «сананы жадылау» үдерісі әрі қарай жалғаса береді. Қоғам қаперсіз, керенау қалпынан айнымайды. Тігерге тұяғы жоқ кедей отбасы баспанасын су шайса, шиіттей бала-шағасымен далада қала береді. Жылым қала тірлігіне көндіккен «пәтерші» зиялыда үміт жоқ. Кейін жоғарғы қабаттан қанатын құсша қомдап, еркіндікке «ұшып» кете беретін жасөспірім-көкөрім – солардың тұяғы болар. «Қырылған киіктер саны 120 мыңнан асты» десе де, неге селт етпейміз?

...Ең бір орнына келмейтін дағдарыс – рухани дағдарыс.

Билік және қаламгер.

Биліктен бір мырза келеді десе, мен деген қаламгерлер барын киіп, бақанын қолына алып, бір төбеге жиналып, күтіп отырады.

Ана кісі күттіреді. Молынан күттіреді.

Ақыры келіп, ық-ық етсе, құдды бір хатшы-кеңесшілеріне жиналыс ашып тұрғандай. Ақыры, түсінерің - үкімет тарапынан қаламгерге ешқандай «ЖӘРДЕМАҚЫ ЖОҚ!»

Роман керек пе?

Тәуелсіз әдебиетіміз дүниеге келмей жатып, роман жанрына ауыз салды. Жабылып жүріп, романның аузына құм құйдық. Үнін өшіріп, таспен бастырдық. Сондағы уәжіміз – «ұзақ дүниені ел оқымайды». Жиырма жылдан асса да, елдің алдына шығып кеткен қазақ жоқ. Күнін әрең көріп жүрген қарапайым елдің бәрі қазір көркем дүниені «айпадтан ғана оқиды» десек, оған кім сенеді?

Қазіргі әлемдік әдебиетте роман жанры дәуірлеп тұр. Бестселлерлердің бәрі – романдар. Неғұрлым өтімді болса, жалғасы жазыла береді. Себебі, ол жерде «баспагер – жазушы – әдеби агент» механизмі мықты жұмыс істейді. Тек қана «қазақ – азғантай, бізде бұл мүмкін емес» демеңіз. Олай болса, жазған шығармаңызды «өтімді» өзге тілге бірден аудартып, өзіңізге шығармашылық және материалдық тұрғыдан дербес, даңғыл жол ашып алыңыз!

Шайырлар неге шаршайды?

Әлеуметтік желіні ашып қарағанда, мүйізі қарағайдай жазушы ағаларымыз «Мен шаршадым...» деп, жүдеңкі суреттерін жариялап жатады. Мен ол кісілерді түсінемін.

Қаламгер – қорғансыз. Ол өзінің қорғансыздығын терең сезінеді. Бұл өте үрейлі, сұрқия сезім.

Біріншіден, мотивация жоқ. Ол ендігі, Отанның болашағына да, «Нұр-Отанның» болашағына да сенбей отыр. Ар алдындағы шындығы – осы.

Кітабын қалай шығарады? Ол оқырман қолына қалай тиеді? Көп сұрақ. Алайда, буып, қысып, лықсып келетін «Тәңірінің берген өнерін» қайда қоясыз?!

Екіншіден, әдеби сын жоқ. Жаңа жарық көрген әр шығарма талданып, талқыға салынып жатса, кем-кетігі уақытында көрсетіліп отырса, бұдан қаламгер жапа шекпейді. Қайта өседі, жетіледі. Кемелдікке ұмтылу, кәсіби тұрғыда үздіксіз жетілу – қаламгердің басты мұраты.

Бұл жерден де «жоқ» пен «бардың» тартысын көреміз: әдеби сын ЖОҚ. Сыншы БАР. Сыншыда мотивация ЖОҚ.

Үшіншіден, елде қаламгерге тапсырыс беріп, онымен келісімшарт жасасып жататын баспахана бизнесі дамымаған. Бұл тетік іске қосылған кезде, көркем әдебиет өнеріне де жан бітеді. Қаламгердің еңбегі жануы үшін олар өзіне әдеби агент тауып, бірлесе жұмыс істеуге дағдылану керек. Басқа тілдерге аудартып, ол дүниені жарыққа шығартып, кітап дүкендеріне түсіру үшін әдеби агент керек.

Шетелде әдеби агенттің кепілінсіз кітап дүкендері кітапты сатылымға шығармайтынын айтады жазушы Рақымжан Отарбаев.

Өз шығармаларының Англия елінде кеңінен насихатталуын, сол елдегі танымалдылығын, Нобель сыйлығы иегерлері қатысатын алдағы күндерге жоспарланып отырған кездесуді жазушы Дулат Исабеков те өз әдеби агентінің жұмысы деп атап көрсетіпті. Ол кісі өзінің Нобелді алатын тұңғыш қазақ жазушы болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Себебі, не нәрсе де әдеби агенттің жүйелі жұмысының арқасында жүзеге асуы мүмкін.

«Дарын», «Шабыт», т.б. фестиваль-конкурстардың жас қаламгерге ұсынатын мардымсыз сыйақы-қаражат мөлшері күлкілі, егер қаламгерді мазақ етпейін десе, сыйақы мөлшері шетелдік премиялар көлемімен сәйкестендірілуі керек.

Біздің елдегі саясат өзін-өзі жалғыз ақиқат ретінде көрсететіні өкінішті. Алайда, қаламгердің міндеті - басқа да ақиқаттың бар екенін таныту.

Кім бар?

Қазіргі проза – шалажансар күйде дегенмен, жақсы дүниелер жазылмай жатқан жоқ.

Аға қаламгерлер Рақымжан Отарбаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Айгүл Кемелбаева, Талғат Кеңесбаев, Дидар Амантай, Роза Мұқановалармен қатар, Лира Қоныс, Қанағат Әбілқайыр, Серік Сағынтай, Алмаз Мырзахмет, Мирас Мұқаш, Нұрлан Қабдай, Дархан Бейсенбек, Мақсат Мәлік, Бейбіт Сарыбай, Аягүл Мантай, Айгүл Жұбаныш сынды жас жазушылардың аттарын атауға болады.

Дәл қазіргі кезде жазушы пессимизмді неғұрлым дәріптемеуі тиіс. Жазушының әр шығармасы оқырман бойындағы адамгершілік пен рухани табандылықты бекіте түсуге ұйытқы болса. Оқырманын адамгершілік және идеялық бағдардан айырмауды бір сәт есінен шығармаса...

Егер жазушы Дидар Амантай «Оқырман – өлді!» - деп, үзілді-кесілді диагноз қойса, қаламгердің бұл пайымын сан-саққа жүгіртуге болады. Себебі, Дидар Амантай - жазушы һәм философ. Ондай жан арзан сөз айтуы мүмкін бе?

Әдебиеттің өзі шалажансар күйде болса, оқырманның «тірі» болуы, әлбетте, мүмкін емес. Оқырман «тірі» болуы үшін, алдымен, көркем әдебиеттің өзін «тірілтіп» алғанымыз жөн шығар.

Анар Қабдуллинаның бұл жазбасына пікір жазып, ойын білдіргендер де болды. Мәселен:

Гуль Мусаева: "Сері-аға, әдебиет неге тоқырап тұр? Тоқыратып жүрген ақын-жазушылардың өзі емес пе? Меніңше, тақырып көп, соны жаза алмай, жеткізе алмай жүрген жоқсыздар ма? Төгілген гептил, қырылған киік туралы жазсаңыздар, ешкім қой демейді. Меніңше... Жәрдемақы бермесе де келе жатсыздар ғой, болашақ үшін, болашақ ұрпақтың алдында ұятты болып қалмау үшін жазуға болмай ма?"

Нұрлан Иса: "Қазіргі қаламгерлердің шығармалары өз деңгейінде, меніңше. Тек мемлекеттік баспаларға (әлде, жалпы) Одақтан тапсырыс болмаса жинақтары басылмауы керек деп ойлаймын. Және Одақтағы әдеби кеңес жоғарғы деңгейде жұмыс жасауы керек секілді. Азуы алты қарыс "изм"-мен бас қатырып жүрген қаламгерлерге тосқауыл керек. Оқырман - тірі. Жәй ғана ол кісілер оқыған шығармасына пікірін ашық білдіретіндіктен, қудалауға ұшырап жатыр деп ойлаймын. Себебі, пікірмен, сынмен санасын қаламгерлер аз. Бірақ, бар. Әдебиетте асарын асаған аға буынның кей өкілдері төрелік айтудың орнына бықсып, өздерінше топ құрып отырады. Өтірік мақтау мен күншілдік азайғанда бұған дейін Нобель сыйлығын алған қазақпен мақтанар ма, едік... (Өз ойым, сөкпеңіздер)".

Асем Ережекызы: "Күні бүгін жалғыз әдебиет емес, өнер мен мәдениет саласының барлығы "жаңағы Жәлептің" дегеніне көніп отыр. Бұл қазіргі қоғамның ауыр дерті, дегенмен бұған мойынсұна бермеуіміз керек. Шынайы талант бар жерде дилетанттың, құнды әдеби еңбек туған кеңістікте Халтураның өмір сүруі бұрын да болған, бүгін де бар, ертең де бола бермек. Бар мен жоқ, ақ пен қара сынды егіз ұғымдар ғой. Адамзат қай қоғамда өмір сүрсе де қатар жасай беретін Мәңгілік ұғымдар бұлар. Әлгі аталған механизмді іске жақсылап қосыңыздар. Оқырман өлді деп қайғыра бермеңіздер".

Жибек Сейтметова: "Ақыр заман ба деп қаласың. "Жазушының әр шығармасы оқырман бойындағы рухани табандылықты бекіте түсуге ұйытқы болса. Оқырманын адамгершілік және идеялық бағдардан айырмауды бір сәт есінен шығармаса..." - депсіз. Фейсбукті ашпас бұрын осы сарындас ой келіп еді. Ашсам сіздің жазғаныңыз шыға келді. Серік Ақсұңқар аға, Есенғали ақынның мұңын оқыдық. Ол кісі де, өзге үлкен кісілер де әйтеуір риза емес. Қоғамға, билікке, жастарға т.б. Солай риза болмай, бұртиып жүріп бірдеңе өзгерте ме? Олар да қоғамның бір мүшесі емес пе? Қоғамның өзгеруін несіне күтеді? Өзгертуге неге атсалыспайды? Өткен-кеткенді айтып, "татар шал т.б. (ұмытыңқырап тұрмын)" тергемей, қазіргі "шал" жайлы қоспай ма шын ашынса!"

Жибек Сейтметова: «Ақының да, жазушың да кәдімгі пенде! Тіпті, кейбіреуін көріп "Молданың істегенін істеме, айтқанын істе"деген ескі мақал еске түседі.
Пы.Сы. Анар Кабдуллинаның парақшасындағы жазба мен комменттерді оқыған соң келген ой!»

Серік Ақсұңқарұлы бұл жазбадан кейін Анар Қабдуллинаның жеке парақшасына былай деп тағы бір жазба қалдырып кеткен екен: "Сыншының идеалы. Ғұмырының соңында "Мен Моцартқа үргем жоқ, кіжінгем жоқ, Мен Моцарттан көргем жоқ жаманшылық!" (Жұматай)-дейтін сөзді ұялмай айта алатын сыншысы бар елдің ұлттық әдебиеті Әлемдік аренаға бір шықпай қоймайды!"

Ш. Талап