Елімізде жергілікті автожол желісін дамыту жоспары жақында аяқталады

Елімізде жергілікті автожол желісін дамыту жоспары жақында аяқталады
Фото: ortalyk.kz

2022 жылдың соңына дейін жергілікті маңызы бар жолдардың нормативті жағдайы 85 пайызға дейін жеткізілмек. Ал 2025 жылы жергілікті жолдардың 95 пайызы нормативті жағдайға жеткізілмек.

Бұл жайлы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин мәлім етті.

"Орталық пен өңірді байланыстыратын ішкі көлік жолдарын модернизациялау жұмысы жалғасып жатыр. Ішкі жолдардың нормативтік жағдайын жақсарту мақсаты көзделіп отыр. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін 2022 жылы жергілікті маңызы бар жолдарды салу мен жөндеуге 372 млрд теңге бөлінді. Жол жөндеу жұмыстары барлығы дерлік аяқталды. Жергілікті автожол желісінің нормативті жағдайын 85 пайызға жеткізу көзделген биыл. Жолды жайластыру жұмысы әлі жалғасуда. Жол жөндеуге кеткен қаржының жартысы республикалық бюджеттен, жартысы жергілікті бюджеттен бөлінген. Жол жөндеу жұмысының сапасы мен қолданылған материал сапасына талдау мен сараптама жасау республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Жолдың жөнделу сапасы мен оның диагностикалық жай-күйіне баса мән беріліп отыр. Елдімекен көшелеріне салынған жолдарға да сараптама жасалады", - дейді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде.

Комитет басшысының айтуынша, жергілікті автожол желісінің нормативті жағдайы биыл 85 пайызға жеткізілсе, республикалық желілердің нормативті жағдайы 91 пайызға жеткізілмек.

"Республикалық маңызы бар жолдың 4 шақырымын жөндеу және реконструкция жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1200 шақырымын жөндеу аяқталуға жақын. Тағы 3 мың шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жасалмақ, оның 900 шақырымының жұмысы аяқталды. Ал жергілікті автожолдарды 4600 шақырымы жөндеу көзделген. Оның 2600 шақырымы жөнделіп бітті", - дейді Төлеген Абдуллин.

Оның айтуынша, 2024 жылға дейін 4 мың шақырым жолға толық реконструкция жасалмақ.

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Подстепное-Федоровка" автожолының екі учаскесін реконструкциялау басталды, 72 шақырым жол қайта жасақталмақ. Сондай-ақ Қызылорда облысы аумағымен өтетін "Қызылорда-Жезқазған" автожолын да қайта жаңарту жұмыстары басталды.  Ұлытау облысының аумағында жаңартылады деп жоспарланып отырған учаскелер бойынша мердігерлік ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Басқа учаскелердің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр", - дейді ведомства басшысы.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Қарағанды облысындағы "Қарағанды-Балқаш" автожолының реконструкциясы келесі жылдың соңында аяқталмақ. Бұл жолды қайта жаңғыртудың мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тапсырған. Қарағанды облысында барлығы 4 автожол белдігін жөндеу мен реконструкциялау жоспарланып отыр екен.  

"Қарағанды-Балқаш" автомобиль жолының 363 шақырымы қайта жаңғыртудан өтеді. 8 жол телімі белгіленген. Жол құрылысы үш қабатпен салынып жатыр. Қазіргі таңда жолдың 277 шақырымына жаңа асфальтбетон жабындысы салынып, көлік қозғалысы қалпына келтірілді. "Балқаш-Бурылбайтал" тасжолын реконструкциялау осы жылы аяқталады. 288 шақырымы жаңарады, 6 жол телімі ашылады. Жаңа асфальтбетон төселген 161 шақырым жолмен қозғалысқа рұқсат етілді. Ал "Қарағанды-Қарқаралы" тасжолы 2024 жылға дейін жөнделіп бітеді. 200 шақырымы жаңармақ. "Жезған-Қарағанды" автомобиль жолын жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. 513 шақырым жолды жөндеу көзделіп отыр", - деп хабар берді министрлік.

 Айта кету керек, елімізде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымға жетеді екен. Оның 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, қалған 71 мың шақырымы облыстық және аудандық маңыздағы жолдар саналады. Республикалық маңыздағы жолдары күтіп-ұстау және жөндеу міндетіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты болса, облыстық және аудандық жолдар, елдімекеннің көше жолдары жергілікті атқару органдардың – әкімдіктердің жауапкершілігінде. Ал жолдарды күтіп-ұстау мен жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру, оны мемлекеттік тапсырма шеңберінде жүзеге асыру – бұл "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының міндетінде.

Қ. Слямбек