Елорданы толық газбен қамту үш жылда аяқталады

Елорданы толық газбен қамту үш жылда аяқталады
Фото: astin-ltd.ru

Астана тұрғындарын толықтай газбен қамту жұмыстары 2025 жылы бітеді. Қазір 200 мың адам табиғи газбен қамтылған. Бұл жайлы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты.

Министрдің айтуынша, елорданы газбен қамту жұмыстарына қиындық келтіріп жатқан мәселе – газ бағасының қымбаттығы. Сондықтан астана тұрғындары қазір көмір жағуға мәжбүр.

"Газбен қамтылған ауданның тұрғындары да қатты отынды жағып отыр. Көгілдір отынды қосу қызметінің бағасы қымбат. Шамамен, 700-900 мың теңге. Тұрғындардың көбі сол себепті газды қоспай отыр. Бұл ауаның ластануына әкелетіні белгілі. Сондықтан экология министрлігі жергілікті әкімдіктен Қазтрансгазбен бірге баға саясатын тағы да бір қарап, әлеуметтік осал топтарға жеңілдік жасатуды ұсынып отыр", - дейді Серікқали Брекешев.

Елорданы газбен қамту шаралары Астананың экологиялық мәселелерін шешуге арналған Жол картасы аясында жүзеге асырылады. Жылу электр станциялары мен жеке үйлерден шығатын қалдықты азайту мақсатында жасалмақ.

"Барлығы 13 іс-шара жоспарланған. Соның 8-і орындалды. Мәселен, жылу электр станцияларына газ орнату бойынша айтсақ, бірінші және екінші станцияның газ құбырлары салынып бітті. 2021 жылы қаланы газдандырудың бірінші кезеңін бітірдік. Екінші кезеңі жартылай аяқталды. Қазір 200 мыңдай тұрғын табиғи газбен қамтылған. 14 мың абонент тіркелді. Оның 7 мыңға жуығы газ қосты. Ал газдандырудың қалған екінші және үшінші кезеңдері 2025 жылы аяқталады", - деп түсіндірді министр.

Айта кетейік, Астана қаласын газдандыру жұмыстары үш кезеңнен тұрады. Қазіргі дерек бойынша, Сарыарқа және Алматы аудандарына газ толық тартылған. Газ тарату желісі 680 шақырымға созылып жатыр. Байқоңыр және Есіл аудандарына газ құбырлары тартылып жатыр. Әкімдіктің жоспарынша, 2023 жылы бітпек.

Тұрғындардың газды қосуын ынталандыру үшін мынадай жеңілдіктер жасалып отырған көрінеді: газ қостыру жөніндегі құжаттар тізімі екі есе қысқартылған; мұқтаж тұрғындарға газ қостыру құны арзандатылды; газды есептеу құралдары тегін таратылады; газды үйге қостыру құнын тұрғындар банктер арқылы рәсімдеу бөліп төлеуіне не пайызсыз кредит алуына болады.

Қ. Слямбек