Елімізде ең ұзын теміржолды салу жұмысы басталды

Елімізде ең ұзын теміржолды салу жұмысы басталды

Қазақстанда шекаралық Достық бекетінен Қарағандының Мойынты кентіне дейін теміржол тарту жұмысы басталды. 836 шақырымға салынатын теміржолдың құрылысы 2025 жылдың аяғында бітпек. Бұл – Достық-Ақтоғай-Мойынты-Жарық-Жезқазған-Сексеуіл-Қандыағаш-Ақтөбе-Илецк темір жолы көлік дәлізінің екінші учаскесі саналады.

Қарағанды облысында салынатын теміржол бөлігі "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады.

Құрылысы басталған теміржол желісі отандық өнімді экспорттауға және елдің транзиттың әлеуетін жақсартуға ықпал етеді.  Теміржолмен бірге энергетика және байланыс нысандары қатар салынады. Барлығы 419 құрылыс нысаны салынады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде ірі және шағын көпірлер, су жүргізу құбырлары, автожол өткелдері бар.

2021 жылы VI Шығыс экономикалық форумында Қазақстан президенті Қ.Тоқаев көрші ел – Қытаймен көлік қатынасын қалыптастыру әрі кеңейту үшін "Достық-Мойынты" темір жол желісі салынатынын айтқан. Аталмыш теміржол жобасы республиканың көлік-транзит әлеуетін дамыту стратегиялық тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, алдағы уақытта елімізде транзиттік тасымал көлемі өсетіні анық. Бес жылда елімізде контейнер тасымалдау қызметінің көлемі 4 есе артқан. Бір жылдың ішінде 11 пайыз көбейген екен. 10 айдағы жүк айналымының экспорты 74 млрд тонна-км-ні құраған.

"Достық-Мойынты теміржол желісі бұл бағыттағы экспорттық тасымал көлемін 5 есе өсіреді. Теміржол салуға кететін материалдардың 80 пайызы – отандық. Атап айтқанда, шпалдарды, темір бетон бұйымдарын, рельстерді, трансформаторларды жасауды, инертті материалдарды, құм мен қиыршық тасты жеткізуді жергілікті компаниялар жүзеге асыратын болады. Жолды салуға кеткен шығын тез арада ақталады. 20 жылдың ішінде ел қазынасына 4,1 млрд теңге қосымша табыс әкеледі", - дейді үкімет басшысы.

Құрылыс салуға 3700 адам жұмысқа орналаспақ. Ал теміржол желісі пайдалануға берілген кезде 500 адам тұрақты жұмысқа орналасады.  

Ал құрылыс материалдары Жетісу облысының өндіріс орындары шығарған өнімдерден алынады.

Теміржолдың 320 шақырымы Жетісу аймағы арқылы өтсе, қалғаны Орталық Қазақстанның еншісінде қалады.

Нысанның логистикалық жоспары бойынша тәулігіне 12-60 шақты пойыз қатынамақ. Ал контейнерлік пойыздар күніне 1500 шақырымға дейін жолды еңсермек.

Айта кетейік, аталмыш теміржолы желісі Қытай-Қазақстан-Еуропа транзиттің дәлісінің бір бөлігі саналады.

Қ. Слямбек