Алматыда ескірген электр желілері жаңартылып жатыр

Алматыда ескірген электр желілері жаңартылып жатыр
Фото: ruzaregion.ru

Алматы қаласының шет жатқан аудандарындағы ескірген электр желілері жаңартылып жатыр. Қалада 40 шақырымның электр желісі ескірген көрінеді. Бұл жайлы Алматы әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтты.

Ауданның инженерлік желілерін жаңғырту жұмыстары жайлы сөз қозғаған қала әкімі реконструкция жұмыстарының жарты жылда аяқталатын айтты.

«Ауданның төрт көшесі мен шағын аудандарын үздіксіз қамтамасыз етіп отырған электр желілерін реконструкциялау жұмыстары биыл тамыз айынан басталды. 2023 жылы сәуір айында аяқталады деп жоспарланып отыр. 40 шақырым ескірген желі қалпына келтіріледі. Қазірдің өзінде 800 электр бағаны орнатылып, 16 шақырымның кабелі тартылды. Жаңарту жұмыстары аяқталғанда, 4 мыңнан астам абонентке үздіксіз электр жарығы беріледі», - деді қала басшысы.

Оның айтуынша, осы жылдың соңына дейін Жетісу ауданындағы 76 көшеге сыртқы жарықтандыру желілері тартылып бітпек.

«Жетісу ауданын жылумен жабдықтау жұмыстары жасау тоқтаған жоқ. Мәселен, Құлагер шағын ауданын жылумен қамтуды тездеттік, қазан айының соңында аяқталды. Құбырлар жердің астына қарай орналастырылды, үстіне жол төселді», - дейді мегаполис басшысы.

Досаевтың айтуынша, қаладағы ірі төрт көшенің – Рысқұлов даңғылы, Райымбек даңғылы, Тәтібеков көшесі, Қазыбаев көшесіндегі сумен қамту желілері де жаңартылып жатыр. Шамамен, 58 шақырым желіге реконструкция жасалмақ. Бұл жұмыстар қараша айының соңында бітеді.

Қ. Слямбек