Жамбыл облысының 2025 жылға қарайғы Даму жоспары таныстырылды

Жамбыл облысының 2025 жылға қарайғы Даму жоспары таныстырылды
Фото: egemen.kz

Жамбыл облысында алдағы үш жылда 25 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтитын 3300 жоба іске асырылмақ. Олардың ішінде жылыжай салу, спорт және мәдениет нысандарын салу, аурухана мен мектептерді жөндеу, ауыл шаруашылық нысандарын ашу, ауыз сумен қамту жобаларын іске асыру сынды шаруалар бар.

Бұл жайлы аймақ басшылығы мәлімет берді.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеровтың айтуынша, аймақтың 2025 жылға дейінгі арнайы даму жоспары бекітіліп, негізінен үш бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

"Үш бағыт мынадай: жеке инвестициялық жобалар, бюджеттік жобалар және жұмыспен қамту. Даму жоспарының мақсаты – бюджеттік және бюджеттен тыс инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске қосып, аймақ халқының, соның ішінде ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту, тұрмысын түзеп, табысын арттыру", - дейді әкім орынбасары.

2025 жылға дейін Жамбыл облысының 153 ауылы мен 4 қаласында құны 2,16 трлн. теңгені болатын 1193 жоба іске асыру жоспарланып отыр. Негізінен ауыл шаруашылық пен өнеркәсіп салалары бойынша жобалар. Әкімдіктің дерегінше, бұл жобаларды іске қосу арқылы 14 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде 12,7 мыңы тұрақты жұмыс орны болса, 1200 адам уақытша жұмысқа орналаспақ. 421 жылыжай салынып, 10 бағытта агроөнеркәсіп кешені дамымақ. Ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 10 пайызға артып, еңбек өнімділігі 2,7 пайыздай көбеймек.

Жоғарыда бюджет қаражатынан тыс жобалар айтылды. Ал 2025 жылға дейін бюджет қаражаты есебінен Жамбыл облысында құны 624,3 млрд. теңге болатын 2130 жоба іске аспақ. Соның нәтижесінде 11 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Аймақты дамыту жоспарына сәйкес, 92 білім беру нысаны құрылысы жүргізіліп, тағы 123 мектеп пен балабақшаның ғимаратына күрделі жөндеу жасалады. Денсаулық сақтау саласынан 95 нысанның құрылысы салынып, тағы 23 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасына 20 білім беру нысанының, "Ауылды жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту" Ұлттық жобасына 30 денсаулық сақтау нысанының құрылысы ұсынылған.

Мәдениет пен спорт саласында 63 нысанның құрылысы жүргізілмек. Атап айтқанда 23 мәдениет үйі салынып, тағы 24 мәдениет ғимараты жөнделеді. 37 спорт нысаны салынып, 9 нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. 13 спорт алаңшасы пайдалануға берілмек.

2025 жылға дейінгі Даму жоспары аясында 7 мыңнан аса отбасына баспана беру көзделген. Жер үй салуға инженерлік-инфрақұрылым тартылып, 14 мыңнан аса жер телімі дайындалады.

"2025 жылға дейін өңірдегі 371 елдімекен толықтай ауызсумен қамтылып, 98 пайыздан астамына табиғи газ қосылады. 73 млрд теңгеге аудандық жолдар жөнделеді. Соның арқасында жолдың 99,5 пайызы қанағаттанарлық деңгейге жетеді", - деп атап өтті ұржан Календеров.

Даму жоспарының үшінші бағыты "Жұмыспен қамту" бойынша 2025 жылға дейін 84 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 28 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орны болмақ.

"Ең алдымен тұрақты жұмыс орындарын ашуымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны ашу керек деген тапсырмасы бар. Ол міндетті орындалуы қажет", - деп өтті Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.

Қ. Слямбек