Алматыда ота жасатқан АҚШ азаматы алғыс білдірді

Алматыда ота жасатқан АҚШ азаматы алғыс білдірді

Сапалы медициналық көмек іздеп, мұхит асып келген америкалық азамат Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесі жоғары деңгейде деген баға берді. Алматы қаласында орналасқан А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында ота жасатқан Цзян Вэньсяо ауруханадан шыққан соң ақ халатты абзал жандарға ризашылығын білдіріп, алғыс хат жолдаған.

Назарларыңызға АҚШ азаматының хатын ұсынамыз:

– Мен Америка Құрама штаттарындағы медициналық генетика докторымын (PhD). Ахалазия ауруынан зардап шегуіме байланысты, сондай-ақ Америкалық денсаулық сақтау жүйесі өте баяу әрі қымбат болғандықтан, переоральді эндоскопиялық миотомия (POEM) атты маған қажетті отаны жасату үшін Қазақстанға келемін деп шешім қабылдадым. Диагнозыма сәйкес ем жүргізе алатын медициналық орталықты табуға көмектесуі үшін аудармашының көмегіне жүгіндім.

А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы – маған қолайлы бірден бір мекеме еді, өйткені дәрігер Е.Б. Әбдірашев осы отаны жүргізуге қажетті дағдыларды меңгерген Қазақстандағы жалғыз хирург. Мен осы Орталыққа келгенде мұндағы жылдамдыққа қайран қалдым. Бас дәрігердің қабылдауына кірдім, ол мені эндоскопияға және интервалы бір сағаттық барий жұту сынамасына жіберді. Ал АҚШ-та бұл үшін бірнеше ай бойы емханаға бірнеше рет баруға тура келетін еді.

Эндоскопия кезінде дәрігер Әбдірашевпен таныстым, дәрігер сол жерде ахалазия диагнозын растады. Одан кейін эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі COVID-19-ға ПТР тапсыруға нұсқау берді, осылайша мен операция жасату үшін 2 күн ішінде ауруханаға жатқызылдым. Мұның барлығы әп-сәтте жүзеге асты, ал Америкада қабылдауға 9 ай бұрын жазылу керек. Госпитализация да, ота да қарапайым әрі ешқандай артықшылықтарсыз жасалды. Мейірбикелер өте сыпайы, мен не қазақша, не орысша сөйлемейтініме қарамастан, олар маған барынша қолайлы жағдай жасады.

Отадан соң оянғанымда, дәрігер Әбдірашев қосымша бұлшықет өсіндісіне және өңештің тығыздылығына байланысты ота ұзақ әрі күрделі болғанын, дегенмен ота сәтті өткенін түсіндірді. Ауруханадан шыққан соң мен бірнеше күн ішінде АҚШ-қа өз жұмысыма оралуым керек болды. Дәрігер Әбдірашев менің операциядан кейінгі жай-күйімді, сондай-ақ оңтайлы сауығуға қатысты нұсқаулар беріп отыру үшін менімен тығыз байланыста болды. Осы уақыт ішінде мен одан көп нәрсе үйрендім және маған Орталықтан ғана емес, елден шыққанша көрсеткен оның қамқорлығы мені расында тәнті етті.

Мен операцияны Қазақстанда жасатамын деп шешім қабылдағанда жылдамдық, отаның құны және тиімділігі АҚШ-та немесе Батыс әлеміндегі емдеу орталықтарынан әлдеқайда жоғары болады деп күткем: мен күткен сенім ақталды. Мен бұл нәрселерді ғана емес, сонымен қатар кәсібилік пен қамқорлық бойынша әлемдік деңгейдегі басымдықты тапқаныма қуаныштымын. А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына және осы орталықтың қызметкерлері мен дәрігер Е.Б. Әбдірашевке алғыс айтамын! Сіздердің арқаларыңызда менің денсаулығым қалпына келді!

Н. Үсенова