Голливуд жұлдызы Украинаға келіп, Зеленскиймен кездесті

Голливуд жұлдызы Украинаға келіп, Зеленскиймен кездесті
Фото: © Reuters

Украина президенті Владимир Зеленский Киевте Голливуд актері және әзілкеш Бен Стиллермен кездесті, - деп хабарлайды "Украинска правда" басылымы.

"Украиналықтар бүкіл әлемдегі танымал тұлғалардың қолдауын сезінеді. Бен Стиллердің сапары осыны тағы бір рет дәлелдеді. Сіздің Ирпин мен Макаровқа жасаған сапарыңыз, халықпен кездесуіңіз көп нәрсені аңғартады. Біз сіздердің осы қиын уақытта қасымызда болғандарыңызды бағалаймыз. Бұл біздің ел үшін маңызды", - деп жазды Зеленский Facebook-те.

Америкалық актер Украинаға Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының ізгі ниетті елшісі ретінде келді. Стиллер Украинаның Львов, Киев, Ирпен және басқа да қалаларында болды.

"Бұл көріністі теледидардан немесе әлеуметтік желіден көру бір бөлек. Өз көзіңмен көру бір бөлек екен", - деді актер.

Голливуд жұлдызы Зеленскийге ілтипатын білдіріп, қазіргі уақыттың батыры деп атады.

"Сізбен кездесу мен үшін үлкен мәртебе... Сіз мен үшін батырсыз. Сіздің осыған дейін істеген ісіңіз, елді, әлемді біріктіргеніңіз, шынымен шабыттандырады!" - деді ол.

Г. Досымшалова