СІМ басшысы Еуропа Одағы өкілімен Ресейге қарсы санкциялардың әсерін талқылады

СІМ басшысы Еуропа Одағы өкілімен Ресейге қарсы санкциялардың әсерін талқылады
Фото: ©REUTERS

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Қазақстан Республикасы-Еуропа Одағы" Ынтымақтастық кеңесінің 19-отырысына қатысты. Онда Ресейге қарсы санкциялардың қазақстандық компанияларға әсерін болдырмау туралы талқыланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Отырыс барысында Қазақстан СІМ басшысы еуропалық әріптестеріне Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның қорытындылары туралы айтып, оның елде жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңызды элементі екенін жеткізді.

"Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан мен ЕО арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтіп, ЕО басшылығын Қазақстанға жауапты сапармен келуге шақырды. Ол экономикалық қатынастардың динамикасын сақтау маңызды екенін айтты. Тараптар Украина аумағындағы қақтығысқа байланысты ЕО санкцияларының қазақстандық компанияларға әсерін болдырмау туралы сөйлесті", - деді СІМ баспасөз қызметі өкілі.

Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру шеңберіндегі маңызды мәселе - ЕО елдеріне баратын Қазақстан азаматтары үшін виза режимін жеңілдету.

"Мұхтар Тілеуберді бұл мәселе ынтымақтастығымыздың басым бағыттарының бірі екенін айтып, виза режимін ырықтандыру бойынша еуропалық әріптестермен келіссөздер басталатынына сенім білдірді", - делінген хабарламада.

Ж. Қадыржанова