Бақанаста Қонаев ескерткіші бой көтерді

Бақанаста Қонаев ескерткіші бой көтерді

Алматы облысына қарасты Балқаш ауданның орталығы – Бақанас ауылында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші бой көтерді. Граниттен қашалған ескерткішті тұрғызуға демеушілер көмектескен екен.

Тау тұлғаның өр бейнесінің биіктігі – 3,30 метр болса, тұғырының ұзынды  – 2 метр, жалпы ескерткіштің тұтастай алғандағы еңсесі – 5,30 метр шамасында. Бұл әйдік мүсіннің авторы Алтай Бейсенов болса,  сәулетшісі Бекзат Бейсенова екен. Бақанас ауылына ескерткіштің ашылуына орай жергілікті билік өкілдері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері және аудан жұртшылығы жиналды..

"Халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына биыл 110 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілді. Бүгін, міне, қазақтың аяулы  перзентіне үлкен құрмет көрсетіліп, еңселі ескерткіш орнатылды. Ірі тұлғалардың ерен еңбектерін үлгі етіп, ұлыларды ұлықтау – басты парызымыз. Дінмұхамед Қонаевтың бойындағы ұлтжандылық жастарға жұғысты болсын! Қазақтың дара тұлғасының ескерткіші құтты болсын!" – деді жиында сөз алған Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев.

Өз кезегінде ел адына шыққан Дінмұхамед Ахметұлының ұрпағы Эльдар Асқарұлы Қонаев бұл күнді тарихи күн деп бағалап, Димаш ақсақал үшін ата-бабасының туған жері Бақанастың, ондағы жұртшылығының жөні мен жолы әрқашан ерекше болғанын атап өтіп, халықтың ниеті мен пейіліне әулеттері атынан ризашылық білдірді. 

Сондай-ақ, салтанатты іс-шарада сөз алған Парламент Сенатының депутаты Бейбіт Исабаев халық ықыласы мен көңілінен шыққан тұлғаға деген құрметті ешкім де, ешқандай күшпен тоқтата алмайтынын ерекше атап өтті. Ал генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев "Бақанасқа Димаш Ахметұлының ескерткішін қою Балқаш халқының арманы еді, ұзақ күткен арман бүгін орындалды" деді.

Ескерткіштің ашылуы салтанатынан кейін Дінмұхамед Қонаев рухына құран бағышталып, ас берілді.

Қ. Слямбек